Кеше, шілденің 1-і күні Қазақстанда Ислам дінін насихаттап жүрген белгілі уағызшы Әбдуғаппар Сманов қайтыс болды. Елде коронавирус өршіп тұрғанына қарамастан, марқұмның туған жері – Түркістан облысы Сарыағаш ауданында өткен жаназа рәсіміне мыңдаған адам жиналған.
Жаназада түсірілген видеолар әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының көбі елде эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрғанына қарамастан, мыңдаған адамның діни рәсімге барғанына наразы. Олардың біразы топталып жиналған жұртқа ешқандай шара қолданбаған жергілікті билікке қарсы пікір жазып жатыр.
Қамшы тілшісі желідегі жұрттың жазғандарына шолу жасап, осы мәселе бойынша Сарыағаш ауданы әкімдігіне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (ҚМДБ) хабарласып көрді.
ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Қамшы тілшісінің "Елде індет өршіп тұрғанда діни рәсімге көп адамның жиналуы дұрыс па?" деген сұрағына Мүфтият мәлімдемесімен жауап берді.
ҚМДБ-ның сайтына бүгін жарияланған мәлімдемеде жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау, тек отбасы және жақын тумаларының қатысуы туралы айтылған.
"ЖАНАЗАДА САНИТАРЛЫҚ ТАЛАПТАР САҚТАЛДЫ"
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Қайрат Дүйсенбаев "Діни рәсімде барлық санитарлық талаптар сақталды" деп отыр. Оның сөзінше, жаназаға екі мыңға жуық адам жиналған.
– Жаназа рәсімі марқұм болған "Сарыағаш-медресе" колледжнің директоры Әбдуғаппар Смановтың Ынтымақ ауылындағы өз үйінде өтті. Оған 2000-ға жуық адам қатысты. Жиналған адамдардың қауіпсіздігі үшін дизинфекциялық тунель қойылып, медициналық маска таратылды. Аудандық полиция бөлімнің 20 қызметкері тәртіпті қадағалады. Аудан әкімдігі қызметкерлері және аудандық санитарлық эпидемиология қызметкерлері тарапынан қауіпіздікті және арқашықтықты сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді Дүйсенбаев.
Әкімдік өкілі "барлық санитарлық талаптар сақталды" десе де, желіде тараған видеодан мыңдаған адамның бір-біріне өте жақын жүріп, табыт көтеруге таласып бара жатқаны байқалады. Кейбір адамдарда әкімдік өкілі айтқан медициналық маска да жоқ.
"ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВ ҚАЛАЙ КАРАНТИН ЖАРИЯЛАМАҚ ЕНДІ?"
Желі қолданушысы Серік Керей "Түркістан облысының әкімі жұмыстан кетсін. ҚМДБ басшысы қызметтен кетсін! Не масқара бұл? Не қастық бұл халыққа? Өлгеннің артынан өлу керек пе? Президент Тоқаев қалай карантин жарияламақ енді? Бізде тек қытайдың вирусы емес, арабтың вирусы сұмдық тарағанның көрінісі. Билік, дінмен ойнап, отқа күйесіңдер! Осы жаназдан соң қаншама адам өмірмен қош айтуы мүмкін?" деп жазды.
Желі белсендісі Қуаныш Еділхантегі уағызшы Смановтың жаназасына көп адамның жиналғанына қайран қалып, елдегі діни ахуалды сынға алған.
"Смановты ақтық сапарға шығарып салуға келгендердің санын көріп шок болып отырмын. Міне, дін мемлекеттен бөлек, олар бір-бірінің ішкі ісіне араласуға болмайды деп алып, нешетүрлі секталарға жол берудің ақыры осылай болыпты, дінмен уланғандар саны аса қауіпті деңгейге жетіпті. Оның үстіне телеарна ашып беріп, салафизмді ашықтан-ашық насихаттау, оған уахаббиттік бағыттағы біреулерді басшы қылып қою да өз "жемісін" беріпті" деп жазды ол.
Әбдуғаппар Сманов – Қазақстандағы діни ортада өте танымал уағызшы. Ол 1970 жылы 22 ақпанда дүниеге келген. 1994 жылдан бастап "Таяқты Ешан" мешітінде бас имам болған. 2010 жылдан бастап "Сарыағаш-медресе" колледжінде қызмет атқарды. Смановтың айтқан уағыздары әлеуметтік желіде, қоғамда қызу талқыланып, жиі сынға ұшырайтын.
Пікір қалдыру