Оғыз Доған: Қазақстан Қытай мен Ресейдің ықпалына кірмеуі керек

/image/2020/07/03/crop-9_6_743x1322_oghyz-doghan.jpg

Түрколог, филолог Оғыз Доған дүкендердегі көрнекіліктердің қазақша жазылуын талап етіп, акция өткіземіз деген күннен бір күн бұрын үйіне полиция қызметкерлерінің келгенін хабарлап, пәтерінде болған жағдайдың видеосын желіге жүктеген. Қамшы тілшісі Оғыз Доғаннан мәселенің мән-жайын сұрады.

"Мені өлтіруге "нәсілдік" негізде жоспар жасалған ба?!"

– Кеше үйге пәтерлерді аралап жүрміз деген желеумен полиция қызметкерлері келді. Кейіннен олардың тікелей маған келгенін біліп, бірден телефоныма видеоға түсіре бастадым. Олар Оғыз Доған деген есімнің мағынасын сұрады. Қандай адам ондай сұрақ қояды. Өзін көші-қон полициясынанмын деп таныстырған азаматты Ұлттық қауіпсіздік комитетінен деп ойлаймын. Олардың келгендегі басты мақсаты Қуат Ахметов бастаған тіл акциясына қолдау білдіргенімнен болуы мүмкін. Кешегі жағдайдан кейін Абзал Құспан акцияға бармай-ақ қой деген болатын. Сондықтан бүгін ол шараға қатыса алмадым. Менің жүрегіме батқан екі-ақ нәрсе, "қазақ тілін талап етсеңіз, орыстар ренжиді" және "сіздің өміріңізге қауіп төніп тұр" дегені. Мен оны парақшамда да жазғанмын. Мені өлтіруге "нәсілдік" негізде жоспар жасалған ба?!, – дейді түрколог.

"Олар ашық түрде Ресейдің бұйрығымен келген"

– Бұл оларға Ресейден келген ұсыныс болуы мүмкін. Олардың біздің елдің саясатына араласуына болмайды ғой. Ресей өз алдына тәуелсіз мемлекет. Қазақстан да солай. Ресейдің Қазақстанға осылай ықпал етуі біріншіден халықаралық нормаларға қарағанда қылмыс, екіншіден – ұят. Мен өзім Түркияның азаматы бола тұра, қазақ халқына түркі бірлігін армандайтын адам болсам да, бір рет болсын "Түркияның ықпалына кіріңдер", "түрікше сөйлеңдер" деп айтқан емеспін. Қазақстан ешкімнің ықпалына кірмеуі керек. Қытайдың да, Түркияның да, Ресейдің де. Басқа мемлекеттерден қазақтың алатыны бар шығар. Жақсысын алып, жаманын қоя салу керек. Бірақ ешкімнің бұйрығымен Қазақстан жұмыс істемейді. Мен кешегі келгендердің ҚР қызметкерлерінің бұйрығымен келгеніне сенбеймін. Олар ашық түрде Ресейдің бұйрығымен келген, –  деп санайды ол.

Оғыз Доғанның адвокаты Абзал Құспан facebook желісінде полицияның бұл әркекеті нонсенс екенін айтты.

"Тіл акциясына қатысты Оғыз Доғанның үйінде болған тексеру – бұл енді барып тұрған нонсенс! Мемлекет өзі шығарған заңның орындалуын өзі қаламайды! Не болмаса мемлекеттік лауазымда отырған кейбір тұлғалар мемлекетке қарсы осындай іс-әрекетпен айналысып отыр деп есептеймін. Неге? Кез келген мемлекет өз еліндегі құқықтық қарым-қатынастардың барлығын заңмен реттеп, шешіп отырады. Яғни, мемлекет адамдардың өмірін жақсы заңдар шығарып және сол заңдарды орындату арқылы жеңілдетеді. Сол арқылы өзінің мемлекеттік функциясын атқарады. Енді заңның орындалуына ең бірінші кезекте мемлекет және сол мемлекетті басқарып отырған басшылар мүдделі болуы керек!

Егер ол заң орындалмайтын болса – құқықтық нигилизм орнайды. Құқықтық нигилизм дегеніміз – жергілікті тұрғындардың, халықтың бұл заңдардың ешқашан орындалмайтынын, оның жәй қолжаулыққа айналғандығын әбден сезінген кезде заңды (заңның артында мемлекет тұр), сол мемлекетті сыйламауы. Ал осы сыйламау шегіне жеткенде мемлекет жер бетінен құрып, жойылып кетеді" делінген видеода.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар