Осы аптада Қазақстанның Ресейге қосылуын қолдап, келмеске кеткен кеңес дәуірінің мүддесін қорғап жүрген қазақстандық блогер Ермек Тайчибековті психиатрикалық ауруханаға жатқызғандығы туралы «REGNUM АА» жазған болатын. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Жамбыл облысы Қордай аудандық сот тергеушісі әлеуметтік желілер мен интернет-порталдарды пайдаланып, «Қазақстан Ресейдің губерниясы болу керек» деп көкіп жүрген Ермек Тайшыбековті (өзі тегін тайчибеков деп көрсетіп жүр) психикалық ауытқулыққа душар болған деген тұжырымға келген. («Комиссия пришла к выводу, что испытуемый «обнаруживает признаки паранойяльного синдрома с идеями реформаторства и величия, имеются нарушения в сфере мышления в виде обстоятельности, склонности к «рассуждательству», а также имеются нарушения в эмоциональной сфере в виде тусклости, монотонности, ограничения круга интересов, нозологическую принадлежность которых определить в амбулаторных условиях не представляется возможным»).
Сонымен қатар, алқабилер тексеру нәтижелерін ескере келе, Тайшыбековты Алматы қаласындағы стационарлы емдеу орталығына жатқызу (жындыхана) туралы шешімге келген.
Осыған дейін мемлекеттік құрылымға қарсы шығып, ҚР Тәуелсіздігіне ашықтан ашық сенімсіздік білдірген – Тайшыбековке қатысты «ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін» қылмыстық іс қозғалған болатын. 2015 жылдың 7-шілдесі күні Тайшыбековтың миында ауытқулар болуы мүмкін деген күдікпен, оған психикалық және медициналық тексеру жүргізу жұмыстары басталып кеткен.
Ал 2014 жылы украниналық саясаткер Игорь Коломайскийдің басын кесіп әкелген адамға сыйақы тағайындайтынын өзінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеген.
Жақында аталмыш инцидентке қатысты бір топ белсенділер әлеуметтік желілер мен www.change.org сайтында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының атына петиция жолдау үшін қол жинастырып жатқандығы мәлім болды.
Белсенділердің қалауы - Тайшыбековты психиатрикалық ауруханадан босату. Петиция авторларының пікірінше, Ермек Тайшыбековтың еш кінәсі жоқ. Ал интернеттегі петицияға 22 адам дауыс берген және интернет қолданушылары Қазақстандағы заң нормаларын орындаудағы бассыздықтарға жол берілген деген сыңаржақ пікірлерін білдірген. Пікірлер Ресейдің Мәскеу, Барнаул қалаларымен қатар, Малайзия және Қазақстаннан да жазбалар қалдырылған. Пікіршілер пайымының бірсыпырасы; «Қазақстандағы бейберекетсіздікке назар аударыңыздар!», «Тайшыбеков заңға қарсы келетін ешнәрсе істеген жоқ», «Қазақстан билігіне «позор!»», «Бізді ССР-ден айырған еркіндік қайда? Кеңестік кезде біз жақсы өмір сүрген едік!» т.б.
Әңгіменің ауаны Тайшыбековтың Тәуелсіздікке келтірген қауіпті мәлімдемелері болған соң, ҚР Ата заңында көрсетілген бірнеше бапты мысалға келтіргенді жөн көрдік. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабының 3-ші тармағында: «Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді» деп айқын жазылған.
Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық кодексінің 170 бабы 1 тармағы бойынша «Өкiметтi күштеп басып алуға, өкiметтi күштеп ұстауға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге немесе конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тұтастығын және оның аумағының бiрлiгiн күштеп бұзуға жария түрде үндеу, сондай-ақ осындай мазмұндағы материалдарды осы мақсатта тарату үш жүзден бiр мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп көрсетілген. Ал 2 тармақта «Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып жасалған немесе ұйымдасқан топ жасаған нақ сол әрекеттер бiр мыңнан бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған.
Ескіні көксеп, елдің есін есірткіше уалаған Ермек Тайшыбеков туралы қазақстандық БАҚ аз жазып жүрген жоқ. Өзін Тараздың тумасымын деп таныстырып жүрген Тайшыбековты темір торға тоғытуға айғақтар жетерлік болса да, ел Тәуелсіздігін тәрк еткісі келетін азаматтың айылын жиғызатын уақыт әлдеқашан жеткен еді. Ресейдегі Жириновский, Украинадағы Олег Ляшко секілділердің сарқыншағы бізден де табылғаны өкінішті болса да шындық. Әзірге құзырлы құқық қорғау органдары Тайшыбековты тәубасына келтіру үшін психикалық ауытқуға ұшырағандар жататын орынға жіберген екен. Енді істің нәтижесін күту ғана қалған секілді бізге. Ал петиция жазып, қол жинаушылар өз жұмыстарын еш кедергісіз жалғастыруда.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Пікір қалдыру