Батыстың жетекші ірі басылымдары "Қазақстанда өлім мөлшері COVID-19-дан да жоғары белгісіз вирус пайда болды" деп жарыса жазды.
Әлемдік ірі бұқаралық ақпарат құралдары CNN, The Mirror, Daily Express, Business Insider, ITV, The Sun газеті және немістің жетекші DW секілді ақпарат ресурстары "Қазақстанда коронавирусқа қарағанда қауіпті әрі белгісіз пневмония кеңінен таралып жатыр" деген мазмұнда ақпарат жариялады.
Бұл деректер Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында пневмониядан 1172 адам қайтыс болды" деген мәлімдемесінен кейін пайда болды. Алексей Цой келтірген дерекке сәйкес, пневмониядан қайтыс болғандар коронавирус өлімінен бес есеге көп, себебі ресми статистика бойынша қазірге дейін Қазақстанда COVID-19-дан көз жұмғандар саны 264.
Бір қызығы, 3 шілде күні ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың алғашқы алты айында 1772 адамның, маусымда 628 адамның пневмониядан қайтыс болғанын айтқан. Бұл есеп бойынша, пневмониядан көз жұмғандар COVID-19-дан қаза тапқандардан 7 есе көп.
Осылайша, Алексей Цой мен Айжан Есмағамбетова берген статистикалар әртүрлі.
Осыдан кейін алғаш болып Қытай елшілігі "осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 1772 адам пневмониядан ажал құшты, тек маусым айында ғана 628 адам өлді, оның ішінде Қытай азаматтары да бар" деп Қытай азаматтарына дабыл қаққан.
Британиялық The Mirror басылымы " короннавирустан да қауіпті, өлімге әкелетін белгісіз пневмония Қазақстанда тез таралып жатыр" деп мәлімдесе, CNN телеарнасы "Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі және басқа агенттіктер салыстырмалы зерттеу жүргізіп жатыр және пневмония вирусының себебі белгісіз" деп хабарлаған.
Business Insider, The Sun, ITV және германиялық жетекші БАҚ DW " Қазақстанда COVID-19 өлім мөлшерінен анағұрлым жоғары ауру тарап жатыр" деген тақырыппен мақала жариялаған. The Express басылымы "Қазақстанда белгісіз пневмонияның 32 000 оқиғасынан кейін Қытай дабыл қағуда. Орталық Азия елінде өлім-жітім деңгейі коронавирустан әлдеқайда жоғары белгісіз пневмония пайда болды" деп ақпарат таратқан.
Ал, ұлыбританиялық Daily Mail басылымы " Қазақстанда белгісіз вирус пайда болды, мыңдаған адамдар ауырып, қайтыс болып жатыр" деген мазмұндағы тақырыппен жаңалық жариялағаннан кейін, көп өтпей ол тақырыпты өзгертіп " Қытай денсаулық сақтау мамандары Қазақстанда таралып жатқан белгісіз пневмонияны шын мәнінде COVID-19 деп санайды" деп ақпарат таратқан.
– Бүгін кеште Бейжіңдегі Қытайдың бас эпидемиологы У Цзюню Қазақстанда таралған «белгісіз пневмония» эпидемиологиялық тұрғыдан COVID-19 деп санайтынын жеткізді,– деп мәлімдеген Лондонда шығатын басылым.
Бас эпидемиолог Қазақстан туралы жаңалықтарды байқағанын және интернеттегі тиісті ақпараттарды оқығанын айтқан.
Ол сонымен бірге Қазақстандағы «белгісіз пневмониядан» болған өлім-жітім деңгейі COVID-19-ға ұқсас екенін жеткізген.
Ал, Ұлыбританиялық маман да Қазақстандағы жағдайлардың анықталмаған COVID-19 инфекциясы деп сенетінін жариялаған. Уорвик университетінің вирусологы және онкологы профессор Лоуренс Янг MailOnline-ға сұхбат беріп, " белгісзі пневмонияның" COVID-19-ға қатысы жоқтығына сену қиын екенін мәлімдеген.
Қазақстандық нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев "пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп" деп санайды.
Қазақстан қоғамында билік коронавирус статистикасын азайтып, оларды пневмония деп көрсетіп жатыр деген пікір бар. Оған қоса, ресми статистика бойынша, пневмониядан қайтыс болғандардың саны COVID-19-дан көз жұмғандардан бес есе, тіпті, жеті есеге дейін көп болуы, әрине, әлемнің назарын Қазақстанға аударады. Тіпті, кейбір елдерде "Қазақстаннан абайлаңдар, ол мемлекетте коронавирустан да қауіпті жаңа вирус пайда болды" деген ескертулер басталып кеткен.
Пікір қалдыру