Елімізде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай компьютерлік ойын жасалып жатыр. Жоба тарихты насихаттау мақсатында қолға алынып отыр. Бұл туралы "Қамшы" ақпараттық порталы "Нұр.кз" сайытына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ойын кейіпкері ретінде Қобыланды батыр, Қорқыт ата сияқты аңыз тұлғалар мен қатар ертегілердегі Жалмауыз кемпір де көрінеді. Жоба қазақ ұлтының ұлттық нақыштағы бояуларымен көрініс бермек. Компьютерлік ойынды жасап, айналымға енгізуге Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк қолдау танытып, 72 миллион теңге бөліпті.
Жоба авторы Әділбек Бисенбаев: “қазіргі жастар кітапханаға бармайды. Олар қажетті ақпаратты ғаламтордың көмегімен біліп отырады. Әсіресе компьютерлік ойындарды көп пайдаланады. Мәселен Батыста ойын өндірісін дамыту арқылы өз мифологиясын насихаттайды. Біз де осы әдісті пайдаланып, өз тарихымызды әлемге танытпақпыз. Сондықтан әлемдік деңгейдегі өте күрделі компьютерлік ойын түрін жасауды қолға алдық. Оны тегін және ақылы негізде де ойнауға болады".
Жоба келер жылы қолданысқа берілмек. Егер көпшіліктің көңілінен шығып жатса, онда мобильдік нұсқасы да шығарылатын болады.
Қазақстанда алғашқы болып шығарылған ұлттық нақыштағы мессенджер "iTys" жобасы сияқты қолданушысы қауқарсыз, жарнамасы жасық болмай, бұл жоба да ұрпақтарға тарихты насихаттау тұрғысынан қарастырылатын болса, өз деңгейімен нәтиже бергені өтімді болар еді.
Гүлден ӘБДІБАҚЫТ
Пікір қалдыру