Орал қаласында ерекше сырға салу рәсімі өтті. Қалыңдыққа zoom-платформасы арқылы сырға салынды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
– 16 шілде күні сырға салу рәсімі болатын еді. 17-сі қыз ұзату тойы болуы керек еді. Енді оның бәрін тоқтатуға тура келді. Жалпы елімізде, дүниежүзінде болып жатқан жағдайларға байланысты. Біз бірінші маусымның 13-і деп белгілегенбіз. Сосын оны 17 шілдеге жылжыттық. Сосын тағы доғаруға тура келді, – деді әкесі Жарылғап Дүйсенов.
Оның айтуынша, аулаға киіз үй тігіп, немесе тығылып той жасауға болар еді. Бірақ Дүйсеновтер отбасы ондайға бармағанын атап өтті.
Сондай-ақ індет өршіп тұрған кезде болашақ құдалары мен тума-туыстың денсаулығын қатерге тіккісі келмепті.
Сондықтан сырға салу, құда түсу рәсімін онлайн өткізуді ұйғарыпты. Ағайынға Zoom бағдарламасы арқылы шақырту берілген. Көкшетаулық құдалар сырға мен сый-қадені курьер арқылы жіберіпті.
– Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, ауылдан тума-туысқандар қосылды, таныстық. Асаба бәрін модератор болып өткізді. Біздер өте ризамыз. Бастысы, балалар барып қосылып, оқуын жалғастырсын. Ал бергі жағында құдалармен араласып тұрамыз деп келістік. Қонақтарды шақыруға қорықтық мынадай індет болғасын. Мақсат сол ғой, ауырмасын деп. Тіпті көршілер де болған жоқ, – деді анасы Нұргүл Қазимова.
26 жастағы Қорлан "Назарбаев университетінің" химия факультетін бітірген. Кейін Америкаға оқуға түскен. Алайда пандемияға байланысты магистрлік дәрежемен шектелуге тура келіпті. Енді Оңтүстік Кореяға докторантураға тапсырыпты. Болашақ жары да осы елде оқып жатыр.
– Әрине, осындай жағдайға түсінушілікпен қарадық. Сондықтан тойды өткізбеуді шештік. Бірақ мен тойды өткізбегенге ешқандай ренжіген жоқпын. Себебі үйлену тойы болмаса да Мәдимен, әрине, неке қиямыз. Мен Оңтүстік Кореяға барғасын 14 күн карантинде жатамын. Осы елшіліке барып, өтініш жазу керек. 30 күннен кейін барып некемізді қиямыз Қазақстанның елшілігінде, – деді қалыңдық Қорлан Дүйсенова.
14 шілдеден бері батысқазақстандық үш тұрғын карантин режимін бұзып, той жасағаны үшін жауапқа тартылған болатын.
Пікір қалдыру