Шымкент қаласы Асар мөлтек ауданына қарасты инфекциялық ауруханада қайтыс болған науқастың танысы Дәурен Болыс видео түсіріп, мейіргерлердің дәрі сұрағанын айтты. Оның сөзінше, аурухананың бас дәрігері дәрі жеткілікті екенін мәлім еткен. Бейнежазбаны Facebook парақшасында жариялады.
"Қайырлы кеш құрметті ағайындар, туыстар, бауырлар. Мен қазір Шымкенттегі Асар мөлтек ауданындағы инфекциялық аурухана алдында тұрмын. Ағам өмірден озды. Алла раһымына алсын! Жиырма күндей осы ауруханада жатты, соңғы он күнде жансақтау бөліміне түсіп қалған еді. Бүгін қайтыс болды. Бір өкініштісі жалғыз ұлы осынша уақыт шырылдап осы ауруханаға дәрі тасыды. Мен бүгін осы аурухананың бас дәрігері Ғани деген жігітпен сөйлестім. Ағам ауырып жатыр, біраз күннен бері баласы қымбат дәрілер тасып жатыр дедім. Ол кісі "ешқандай дәрі қажет жоқ қой, неге тасиды" деді. Осында жатқан ағамның байланыс телефонынан медбикелер баласына, қызына, әйеліне хабарласып отырған. Түнде болсын, күндіз болсын. Дәрі керек, жеткізіңіздер деп отырған. Бас дәрігер "кім ол хабарласқан, ешқандай дәрінің қажеті жоқ" дейді. Сонда бұл түсініксіз жағдай болып тұр. Бұл дәрі саудасы ма не болды сонда? Жалғыз ұлы біраз күннен бері дәрі тасыды. Бас дәрігер өзімізде дәрі бар дейді, бірақ медбикелер қанша күннен бері сұратып отырған. Ол дәрілер науқасқа салынды ма, жоқ па Құдай біледі. Сыбайлас жемқорлық қарсы іс-қимыл агенттігі тағы да басқа тексеру мекемелері осыны назарларыңызға алыңыздар. Бұндай бассыздықты тоқтату керек. Бас дәрігер қызметкерлеріңіз қалай жұмыс істейді өзі?" делінген видеода.
Араға бір сағаттай уақыт салып Дәурен Болыс тағы да өз парақшасында тікелей эфир түсірді.
"Менің айтайын дегенім. Мына баласын қанша уақыт бойы сандалтып, дәрі іздеткен дәрігерлер, медбикелер қалай болса да табылу керек. Мен қазір бас дәрігер Ғани деген азаматпен жолықтым. Ол маған уәде берді "арнайы бейнебақылаудан қарап іздейміз" деп. Бұл жерде бірақ күмән бар, олар бейнебақылаудағы жазбаларды өшіріп тастауы мүмкін. Өздерінің қауіпсіздіктерін ойлап. Тағы бір мәселе ағамның медициналық кітапшасы, соның барлығы өзгеріске ұшырауы мүмкін. Олар бір-екі күнде барлығын дұрыстап жіберуі мүмкін. Ағамның телефонымен хабарласып дәрі сұратқан адамдардың аты-жөнін сұраса тұтқаны қоя салған екен. Есімдерін анықтау сол мәселе болып тұр бізге. Бұл қараусыз қалмау керек. Денсалық сақтау министрі Цой мырза бұл мәселені бақылауға алыңыз. Басқа да тиісті мекемелер бақылауына алсын" деді науқастың танысы тікелей эфирде.
Мейіргерлерді айыптап бейнежазба түсірген Дәурен Болыс өзінің парақшасындаға видеоларды өшіріп тастады.
Пікір қалдыру