Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді бастады.
Қазақстандықтар биылғы 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды.
Бұйрық күшіне енген кезде төлемді 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар алады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі.
5 әлеуметтік топқа төмендегі санатқа кіретін азаматтар жатады:
– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;
– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;
– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;
– жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.
Бұған дейін хабарланғандай, коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдардың тікелей байланысын болдырмау үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар 2 АЕК-тен кем болмайтын мөлшерде алушылардың банк карталарына аударылған төлемге ауыстырылды.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлемдер жалпы сомасы 13,5 млрд теңгеге 1 млн адамға есептелген.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев мұқтаж жандарға үкімет шілде айына 42500 теңге төленетінін мәлімдеген болатын.
14 шілдеде ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.
Пікір қалдыру