"Қиын кезде әркім мүмкіндігінше әрекет етуі керек". Індетпен күресіп жүрген ақтөбелік еріктілер

/image/2020/07/21/082059991600.jpg

Қазақстанда коронавирус пен пневмония өршіген тұста елде еріктілер тобы көбейіп, жұрт бір-біріне көмектесе бастады. Қазақстанның батысындағы Ақтөбеде де ахуал күрделі. Аймақтың екі мыңға жуық тұрғыны COVID-19 инфекциясын жұқтырып, үш мыңдай адам пневмонияға шалдыққан. Осыдан кейін Ақтөбедегі бірнеше қозғалыс күш біріктіріп, “AntiCovid-19” деп аталатын еріктілер бірлестігін құрды. Азаттық осы топтың мүшелерімен тілдесті.

“БІЗ СЫЙЛАҒАН АППАРАТ БІР АДАМДЫ АЖАЛДАН ҚҰТҚАРСА, КҮЛЛІ ӘЛЕМ ІНДЕТТЕН АРЫЛҒАНДАЙ ҚУАНАМЫЗ”

Екатерина Голотина, 33 жаста, мейрамхана, қонақ үй саласының маманы. “AntiCovid-19” еріктілер бірлестігінің жетекшісі:

Екатерина Голотина, “AntiCovid-19” еріктілер бірлестігінің жетекшісі.;lgbjlrkejhdgsf

Наурызда Ақтөбеде коронавирус жұқтырғандар анықтала бастады. Сол кезде “еріктілер бірігуі керек” деп шештік. Жоғалған адамдарды іздейтін, ауыр науқастардың отасына қаржы жинайтын және тағы басқа еріктілер тобы бірігіп “AntiCovid-19” деп аталған бірлестік құрдық. “AntiCovid-19” бірінші карантин кезінде (16 наурыз – 11 мамыр) табысынан айырылып, мұқтаждық көрген екі мың отбасына қолдау көрсетті. Азық-түлік жеткізді, пәтер ақысын төлей алмай отырған мұқтаж адамдарға қаржы бөлді. Оңтүстіктегі Мақтааралды су басқанда гуманитарлық көмек жіберді.

Маусым айында дәрігерлерді қолдауға кірістік. Қазір Ақтөбенің ауруханаларында оттегі толтыратын қапшықтар мен концентраторлар жетіспейді. Сондықтан қала тұрғындарынан қаржы жинап, оны үнемдеп жұмсауға тырысамыз. “AntiCovid-19” бірлестігінің бір мүшесіне интернеттен концентратор өндірушілерді іздеп, өнім бағасын салыстыру жүктелген. Осы кезге дейін 6 концентраторға тапсырыс бердік. Әрқайсы 400 мың теңге тұрады. Одан бөлек ауруханаларға 20-дан астам оттегі қапшығын сатып әпердік. Дәрігерлер “Сіздер сыйлаған аппарат бір адамды ажалдан арашалап қалды” деп хабарласқанда күллі әлем індеттен арылғандай қуанамыз.

Бір аптадан бері менің де мұрным иіс сезуден қалды. Денемнің қызуы да түспей тұр. Сондықтан еріктілер тобынан оқшауланып, үйде жұмыс істеп отырмын. Сын сағатта көмектің кез келген түрі маңызды.

Ақтөбеде ерікті болғысы келетіндер көп. “Жалақысы қанша? Көлігіме бензин құясыздар ма?” деп хабарласатындар да бар. Нағыз волонтер еткен еңбегі үшін ешкімнен ақы да, мақтан да күтпейді. Қазір “AntiCovid-19” бірлестігінің 70-ке жуық белсенді мүшесі бар.

“МЕДИЦИНАЛЫҚ БІЛІМІМІЗ ЖОҚ. ЕСЕСІНЕ ДӘРІГЕРЛЕРГЕ КӨМЕКТЕСІП, БЕЙНЕТІН ЖЕҢІЛДЕТЕ АЛАМЫЗ”

Бақытқали Оразғалиев, 34 жаста, жеке кәсіпкер, ерікті

1111

Әлемді індет жайлағанға дейін біздің тобымыз із-түссіз жоғалған адамдарды іздейтін. Төтенше жағдайлар департаменті, полициямен меморандум жасап, дайындық курстарынан өтіп жүрдік. Наурызда Ақтөбе еріктілері күш біріктіріп, коронавируспен күресе бастады.

Мысалы, бүгін (9 шілде) еріктілердің бір тобы инфекциялық ауруханаға оттегі баллондарын түсіріп бердік. Күн сайын әрқайсы 70-80 келілік баллондарды жүк көлігінен түсіріп, “қызыл зонаға” дейін жеткізіп береміз. Әрине, көмек қажет болса, ол жаққа барудан да бас тартпас едік. Бірақ еріктілерді “қызыл зонаға” өткізбейді. Біздің медициналық біліміміз жоқ. Есесіне дәрігерлерге көмектесіп, бейнеттерін жеңілдете аламыз. Олар “оттегі таусылып қалды”, “ас әзірлеуім керек” деп алаңдамауы тиіс.

Ауруханаларда ер адамдар аз. Техникалық персоналдың басым көпшілігі қыз-келіншектер. Талдырмаш қызға 70-80 келілік оттегі баллондарын тасу оңай емес. Індетпен күресуші медицина мекемелерінің бәріне қол көмегі керек. Оларға қол ұшын беру еріктілерге зор мәртебе. Мен бұрын мұндай сезімдерді із-түссіз жоғалған жасөспірімдерді тауып алған кезде басымнан өткеретінмін. Еріктілердің бәрі – альтруист. Ал альтруистер өзгеге бақыт сыйлайтын, өздері де өте бақытты адамдар.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар