Біз қазақ басымыздан талай қиын-қыстау кезеңдерді, оқиғаларды өткіздік. Қазір жасы тоқсанға келіп отырған менің өзім ашаршылықтың, соғыстың куәгерімін.
Сол нәубеттер кезінде ет жақындарымыздан айырылдық. Тек Екінші дүниежүзілік соғыстың өзінде қаншама қазақ қынадай қырылды. Бірақ біздің халық қандай ауыр кезеңдерде де адамгершілікті сақтай білгенін ұмытпауымыз керек. Өз басына күн туған кезеңдерде де басқаларға қол ұшын созуды адамдық парыз деп есептеді. Қазақтың өзге ұлттарға пана болғанын айтпай-ақ, тек «Ленинградтық өренім» дейтін Жамбыл атамыздың әйгілі жырын еске түсірсек те жеткілікті. Сол жырдың мыңдаған ленинградтыққа күш бергені, жұбатқаны, бейбіт өмірге талпындырғаны күні кешегідей есімізде.
Отандастарымды, жалпы бауырларымды осы қауіпті әрі қатерлі індет кезінде сабыр сақтауға шақырамын. Ең алдымен жасы үлкен ата-әжелеріңді, бала-шағаларыңды қорғап, олардың өміріне қауіп төндірмеңдер дегім келеді. Карантин талаптарын орындап, тәртіпке бағынсақ, шыдамдылық танытсақ, біз күткен жақсы күндер ертерек туатыны анық. Иә, ол біздің сабырымызға, төзімімізге байланысты болып тұр. Басқа түскен қиындықты сабырмен ғана жеңеміз. Бұл жағдай тек біздің емес, дүниежүзі халықтарының басынан өтіп жатыр. Сол үшін бірінші кезекте азаматтық қадір-қасиетімізге көлеңке түспесе екен. Отандастарыма да осыны тілеймін. Ет жақындарымызды да барынша қорғайық, азаматтығымызды да жоғалтпайық.
Мұндай қиын-қыстау шақта мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтасып, тығырықтан шығу жолдарын бірлесе іздегеніміз жөн деп білемін.
Төрегелді ШАРМАНОВ,
Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик,
мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Пікір қалдыру