Шымкентте 2 күнде 2 жарылыс болды

/uploads/thumbnail/20170708192631402_small.jpg

Шымкенттегі Чапаев елдімекенінде соңғы екі күнде екі рет жарылыс болды. Құқық қорғаушылар жарылыстар салдарынан екі тұрғынның аяғын бірінші дәрежелі күйік шалғанын айтады. Бұл туралы «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Тамыздың 12-сі және 13-і күндері Шымкент қаласына қарасты Чапаев елдімекенінде екі рет жарылыс болды. Бұл оқиғалардың кесірінен алғашқы күні - 11 жасар оқушы қыз, екінші күні 39 жастағы азаматтың аяғын күйік шалған.

Алғашқы жарылыс  тамыздың 12-сі күні болған. Оқиға куәгері, жарылыстан зардап шеккен Фариданің құрбысының айтуынша, түскі сағат 12:30-дар шамасында дүкенге кетіп бара жатып, абайсызда жарылғыш затты басып кеткен. Осыдан кейін  аяғын күйік шалған Фариданың анасы бұл оқиға туралы қандай да бір пікір айтудан бас тартқан. . Ал олардың көршілерінің сөзінше, жарылыс болған сәтте «қатты дыбыс шыққан». Жарылыс болған Привольная көшесінің тұрғыны Вера Николаева «қатты дыбысты естігенде газ балоны жарылды деп ойлаған».  

Ал тамыздың 13-і күні сағат күндізгі 11:30-дар шамасында Чапаев елді-мекеніндегі Кржижановский атындағы көшеде тағы жарылыс болған. Ол жолы 39 жастағы екінші топтағы мүгедек азамат зардап шеккен.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова Шымкенттегі Чапаев елдімекенінде соңғы екі күнде қатарынан екі жарылыстың болғанын растаған.

Тамыздың 12-сі күні оқиға орнына (Чапаев елдімекені – ред.) барған полиция қызметкерлерінің анықтағаны - 11 жасар оқушы қыз көрші үй жанынан өтіп бара жатып, пакеттегі қолдан жасалған жарылғыш затты басып кеткен. Сол аяғының табанын бірінші дәрежелі күйік шалды. Қазір үйінде емделіп жатыр. 13-і күні де осындай оқиға болып, ер адамның аяғын бірінші дәрежелі күйік шалды, ол да үйінде емделіп жатыр, - дейді. 

Облыстық (ІІД) баспасөз орталығы берген мәлімет бойынша, «Тамыздың 12-сі күнгі оқиғаға байланысты Шымкент қаласы Еңбекші ауданы полиция бөлімі қылмыстық кодекстің «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Чапаев елдімекенінің бір тұрғыны (ер адам) күдікті ретінде ұсталған. Екінші жайтқа қатысты іздестіру жұмыстары басталған. Екі жарылыстың бір-біріне байланысы жоқ».

Ал тамыздың 13-і күні болған жарылыстан зардап шеккен азаматтың әкесі Сайдулла Салибеков «соңғы үш жылда Чапаев елді-мекенінде түсініксіз жағдайда бірнеше рет осындай жарылыстар болғанын» айтты.

2012-2013 жылдары Шымкенттің Чапаевка елді мекенінде болған бірнеше жарылыстар салдарынан бір адам ауыр жараланып, екі адам орташа дәрежеде жарақаттанған еді. Жергілікті құқық органдары сол жарылыстарға қатысы бар деген күдікпен ұстаған үш адамның ісін қараған сот былтыр көктемде оларды айыпты деп танып, екеуін 14 жылға және біреуін 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айырып, жазаларын қатаң режимдегі колонияда өтеуге және дүние-мүліктерін тәркілеуге үкім шығарған.

Нұрзат Тоғжан

 

Қатысты Мақалалар