42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем 1 млн 676 мың қазақстандыққа аударылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
"25 шілде сағат 9.00-дегі жағдай бойынша шілде айында шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлем тағайындауға азаматтардан 2,1 млн-ға жуық бірегей өтініш қабылданды. Төлем 1,7 млн адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 1 млн 676 мың қазақстандыққа аударылды" делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, төлем алуға өтінімдер бірнеше арналар арқылы қабылданады.
2 миллионнан астам өтінімнің ішінде:
– 804,4 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берді;
– 521,1 мың адам Egov.kz порталы және telegram-боттар арқылы;
– 249,4 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;
– 524,5 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильдік қосымшалары мен интернет-ресурстары арқылы өтініш берген.
Азаматтардың санаттары бөлінісінде:
– 804,4 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден берілді (проактивті форматта);
– 150,2 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берді;
– 1 млн 144 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар; азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).
Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Пікір қалдыру