Алматының Наурызбай ауданының әкімдігі маска режимін сақтамағаны үшін жеке тұлғаларға айыппұл салуды бастады. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында Алматының Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дәндібаев хабарлады.
Қала тұрғындары арасында ауыру жағдайларын азайту мақсатында барлық аудандардың аумақтарында маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау маңыздылығы туралы күшейтілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қалада эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын болдырмау үшін қатаң шектеу шаралары қабылданғаны белгілі, оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты Алматыда кәсіпкерлік субъектілері мен қала тұрғындарының карантиндік шараларын, соның ішінде маска режиміне қатысты бұзушылықтарды анықтау бойынша мониторингтік топтар жұмыс істейді.
Алматының Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дәндібаевтың айтуынша, аудан аумағында халық тарапынан маска режимін бұзушыларды анықтау бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде карантин режимін бұзуға қатысты 41 әкімшілік материал толтырылды. Оның ішінде 24 жеке тұлғаға маска кимегендері үшін және 14 кәсіпкерлік объектілеріне санитарлық нормаларды сақтамағаны үшін. Жабық ғимараттардың кіреберіс есіктері мен көшелерге ақпараттық материалдар іліп қойғанымызға қарамастан, маска режимін бұзатын адамдар бар», — деді Бағлан Дәндібаев, сондай-ақ, ол маска режимін бұзғандары үшін тұрғындардың айыппұл төлей бастағанын атап өтті. Жалпы, тұрғындардың карантин режимін сақтауын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарайтыны атап өтілді.
Жалпы Наурызбай ауданында COVID-19-дың алдын алуда 2943 арнайы ақпараттық материалдар: саябақтарда, скверлерде, аулаларда және жол қиылыстарында, ТҚКО, дәріханаларда және автокөлік жуу орындарында, супермаркеттерде, дүкендерде және аялдамаларда, емханаларда, көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған. Жеке ақпараттық буклеттерді адамдар көп жиналатын орындарда таратады.
Пікір қалдыру