Алматыда карантин кезеңінде той өткізгені үшін мекеме жұмысы бір жарым айға тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов айтты.
Ауданда коронавирустық инфекцияның алдын алу және болдырмау мақсатында қатаң шектеу шаралары қолға алынған. Шектеу шараларын, бетперде режимін және әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түсіндіру жұмыстарына ақпараттық тақтайшаларды орналастыру, аудан әкімдігі өкілдерінің, аудандық СЭС, аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің және волонтерлар штабының қатысуымен мониторингтік-түсіндіру топтарының қызмет етуі кіреді.
Тек 5 шілдеден бастап 646 объект тексерілді, оның ішінде 131 нысаннан санитарлық нормалардың бұзылуы және жұмыс режимін шектеу шаралары анықталды. Нысандарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
«Нысандарды бақылау бойынша шаралар күн сайын жүргізіледі. Қазіргі уақытта 131 нысан тәртіп бұзушылықтар толық жойылғанша өз қызметтерін тоқтатты. Мониторинг топтар тексергеннен кейін ғана бұл нысандар жұмыстарын қалпына келтіре алады », — деді Е. Бейсеуов.
Сонымен бірге,мониторингтік топтың Түрксіб ауданындағы сотқа берген өтініші бойынша Dostluk мейрамханасының қызметі тоқтатылды, онда карантин режимі кезінде 100 адамға арналған банкет өткізілді.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес жеке кәсіпкерге 277 800 тг көлемінде мемлекет кірісіне айыппұл салынды және қызметі 1,5 айға (45 күнге) тоқтатылды.
Сондай-ақ, ауданда 11 жаяу полиция топтары ұйымдастырылып, учаскелік көліктер патрульдеуге және аулалар мен халық көп жиналатын жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге пайдаланылды. Бүгінгі таңда жеке тұлғаларға бетперде режимін сақтамағаны үшін 25 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұған қосымша, аудандық прокуратурамен бірге дәріханалардағы дәрі-дәрімектердің бағасын бақылау үшін 2 топ жұмыс жасауда.
Пікір қалдыру