Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияға елде карантин режимін тағы екі аптаға ұзартуды тапсырды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.
– Мемлекет басшысы шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру мақсатында, сондай-ақ Қазақстандағы және шекаралас мемлекеттердегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түсу ықтималдығын ескере отырып, мемлекеттік комиссияға карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету арқылы екі аптаға ұзартуды тапсырды, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар кеңесте премьер-министр Асқар Мамин президентке 5 шілдеден бастап елде қатаң карантин шаралары енгізілгеннен кейін індет жұқтырушылардың саны 29 пайызға төмендегенін баяндады. Бір күнде індет жұқтыратын адамдардың саны 1500-1600 аралығында тұрақтаған.
Стационарлардағы емделушілердің қатары 43 пайызға, оның ішінде, реанимациялық палаталардағы науқастар саны 27 пайызға азайған. Сауығып шыққандардың саны 63 пайызға дейін өскен. Жедел-жәрдем шақыру жағдайы төмендеген. Осылайша денсаулық сақтау жүйесінің негізгі жүктеме көрсеткішін төмендетуге қол жеткізілген.
Пікір қалдыру