"Ерліктің үлгісі бар": Жетісудың еріктілері белсенді

/image/2020/07/29/crop-16_17_697x1239_whatsapp-image-2020-03-22-at-17.45.00.jpeg

Қазақ қоғамында қайырымдылық жасау үрдісі ежелден болған. Сол дана бабаларымыздың сара жолын жалғап келе жатқан еріктілердің бүгінгі ілкімді ісі көпке үлгі. Күллі әлемді дүрліктірген індет елімізде өршіп тұрған уақытта өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қайырымдылық жасап жүрген жетісулық еріктілер нағыз елім деген патриоттар.

Алматы облысы аумағында «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесінің жұмысы жүзеге асырылып келеді. Жыл басында жалпы саны 1 мың 43 болған облыс еріктілерінің саны күн санап өсуде. Қазіргі таңда облысымызда 2 мың 77 ерікті жастар тіркеліп, көптің алғысына бөленіп келеді.

Республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында 2 мың 300 қайырымдылық акциялары мен іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 17 мың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыс еріктілерінің атсалысуымен бүгінгі күнде 64 мың медициналық бетперде тігіліп, 12 мың  литр антисептик тұрғындарға жеткізілді.

Коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты карантинге жабылған 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені облыс жастары мен еріктілерінің назарынан тыс қалған жоқ. «Мейірімді Жетісу» еріктілері тұрғын үйдің карантин жағдайында болғанына қарамастан тұрғындарға медициналық бетперде, гигиеналық заттар және азық түлік жеткізіп тұрды.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданына Алматы облысынан 15 жүк көлігімен 260 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген сәтте облыс еріктілері көш басында жүрді. Жетісу жұртшылығының ақжолтай аманатымен өңірден 20-ға жуық ерікті жастар барып, бір апта бойы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен отбасын азық-түлік және өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырды.

Ерікті жастар гуманитарлық көмек жиналған қоймаларға күніне 300-350 тонна азық-түлік, 250 тонна құрылыс заттарын түсіріп қана қоймай мектеп-интернаттарға орналастырылған тұрғындардың, балалардың көңілін аулау мақсатында мультфильм және кино көрсетілім ұйымдастырды. Балаларға базарлық та таратылды.

14 мамыр күні қатты жауын әсерінен Түркістан облысының бірнеше ауылдарын су басқаны бәрімізге белгілі. Осы кезде Жетісудың еріктілері оқиға орнына бірінші болып көмекке барды. Төле би ауданы, Леңгір қаласы және Киелітас ауылының тұрғындарын эвакуациялау жұмысына қатысып, отандастарымызға көмек көмек қолын созды.

Қазіргі таңда облыс еріктілері күш біріктіріп, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысуда. Сонымен қатар, дәрігерлерге қымыз тарату, автоеріктілер тұрғындарға дәрі-дәрмек жеткізу ісі де қолға алынған. Бүгінгі күні өңірде 70-ке жуық автоерікті бар. Олар күн демей түн демей науқастарға қажетті дәрі-дәрмекті, ас-ауқатты жеткізіп беруде.

Жасыратыны жоқ, елде карантин жарияланған сәтте-ақ азық-түлік тапшылығы болады деген халықтың базар мен дүкеннен жаппай тамақ сатып алу үшін кезекке тұрғанын көргенбіз. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан айтылған түсіндіру жұмыстарына құлақ аспаған халықтың алаңдаған көңілін өз пайдасына жаратып, тауарын қымбаттатқан сатушылар қатары да көп кездесті. Осындай сын сәтте жетісулықтардың атқарған ерен еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Еріктілер рейдке көп шығып, тұрғындарға тығыз шаруасы болмаса үйлерінде отыруға кеңес беріп, бетперде тағып жүрудің маңызын түсіндіруді өз міндетіне алған.

«Біз біргеміз» Республикалық акциясы бойынша атқарылған іс біршама. Облыс бойынша үлкен іс тындырған бірнеше ауданның еріктілерін тілге тиек еткенді жөн санадық. Ақсу ауданының ерікті жастары әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен 370  отбасына азық-түлік ретінде көмек көрсетті. Аталған отбасыларға аудан демеушілері 1 миллион 250 мың теңгеге көмек көрсетті. «Жақсылық жасап жарысайық» акциясы аясында ауыл жастары Ақсу ауданының орталық ауруханасында Covid-19 жұқпасымен ауырып жатқан науқастар мен ақ халатты дарігерлерге 200 литр шұбат, қымыз жеткізді. Қой етін, 50 қап ұн және қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ақсу ауданының ерікті жастары және әлеуметтік блогер Данияр Бейісқали мен Меруерт Дүпбаеваның бастамасымен арнайы қаражат жинап, аудандық орталық ауруханаға 5 понцентраттық аппаратқа тапсырыс берді. Бүгінде 2 аппарат аурухана басшыларына табысталды. Қалған 3 аппарат алдағы уақытта жеткізелетін болады. Аудан тұрғындары үшін 700 мың теңгеге қажетті дәрі-дәрмек жеткізілді. «Шуақ» еріктілері Жансүгір ауылының тұрғындарына аудан кәсіпкерлері мен әжелер қауымдастығының көмегімен тігілген 2 мың 500  медициналық бетпердені тегін таратты. Ақсулық еріктілер аудан бойынша үй карантинде оқшауланған 18 отбасына күнделікті қажетті азық-түлік заттарын  жеткізіп тұруды қолға алған.

Еңбекшіқазақ ауданының еріктілері осы күнге дейін 13 миллион 300 мың теңге көлемінде 900 отбасын азық-түлік және медициналық бетпердемен қамтамасыз етті. Ауданның жомарт азаматтары жас бүлдіршіннің отасына қажетті 500 мың теңгені қайырымдылық есебінде тарту етіп, ағдайы төмен отбасының  жалдамалы пәтерінің 2 айлық төлеміне көмектесті. Осындай қиын кезеңде өмір үшін күресіп жатқан емделуші азаматтармызға керекті оттегі концентраторына қажетті қаражатты жинап, аудандық ауруханаға 6 оттегі концентраторын табыстады. «Бүгінгі күннің батырлары» атты акция аясында ақ халатты абзал жандарға 150 литр қымыз ұсынылды. Бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Ақындар мен батырлар елі  Жамбыл ауданында 100 жас ерікті өз еркімен жұмыс істейді. Бұдан өзге ауданда 30-дан астам еріктілік топтар қарқынды жұмыс атқаруда. Айта кетер болсақ, «Ардагерлерді ардақтайық», «Қайырымдылық қадірлі іс» «Таза аудан – таза ауыл» акциялар үнемі атқарылып тұрады. Төтенше жағдай кезінде аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен аз қамтылған  5 мың 500  отбасыға аудандағы және шет қалалардағы жеке кәсіпкерлер және  ауқымды мекемелер тарапынан азық-түлік жеткізілді. Аудан тұрғындарына 3 мың дана медициналық бетперде тегін үлестірілді. Қайырымдылық шарасына қолдау көрсеткен «Халық» қайырымдылық қоры, «Тәуекел Газ» ЖШС, «Пласт-Инвест» ЖШС, «Мажитова» ЖШС, «Kusto Group» компаниясы, «Жамбыл» РЭС, «Табыс» ШҚ, «Жақсылық» ШҚ, аудандық жұмыспен қамту орталығы, «Жетісу» ЖК, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне еріктілердің айтар алғысы мол.

Ұйғыр ауданының жастары өткізген акцияда 240 отбасына көмек көрсетті. Шонжы ауылының еріктілері Мақтаарал өңіріндегі тұрғындарға көмек ретінде 2 миллион соммаға 2 жүк көлігімен 150 дана матратц, 3 тонна ұн, 100 кг макорон өнімдерін, 50 блок су, гигиеналық тауарлар жолдады.

Еріктілерде ерліктің үлгісі бар. Өйткені олар елі үшін қолда барын аямай, қалтықсыз қызет етеді. Ал төтенше жағдайды себеп қылмай, елге тегін қызмет көрсетіп жүрген жетісулық волонтерлердің игі ісі ерлікпен пара-пар.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар