Полиция майоры 4 баланы бауырына басты

/image/2020/08/03/crop-7_87_443x788_2008031715278874g.jpg

Тараздық полиция майоры Диляфруз Кинжеханова тоғыз ұл-қызды тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Оның бесеуі өзінің баласы болса, төртеуін асырап алған, деп хабарлады ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Өзі де үлкен әулеттен шыққан полиция майоры Диляфруз Кинжеханова өскенде көпбалалы ана болуды армандаған. Бүгінде ол өз арманына қол жеткізді деуге болады. Қазіргі таңда Тараз қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция аға инспекторы болып қызмет ететін Диляфруз өзінің тоғыз баланың анасы атанып отырғандығын мақтан тұтады.

Әрі үлкен жауапкершілік екенін жан-жүрегімен сезінеді. Ол өзінің бес перзентімен қатар 4 баланы бауырына басқан. Мұндай ой оған №55 орта мектепте өткен "Мектепке жол" акциясы барысында келіпті. Төрт баланың тағдыры сонда шешілген.

Ол кезде балалардың үлкендері Марат 17 жаста, Рахым 15 жаста болса, қарындастары Рамила мен Диана 10 және 6 жаста еді.

– Мен заңды өкілдерсіз отбасын анықтайтын комиссия құрамында болдым. Бұл балалардың анасы өмірден озған. Әкесі жоқ екен. Атасы тәрбиелеп өсірген. Құжаттарын қалпына қалпына келтіруге біршама уақыт керек болды. Осы уақыт аралығында мен оларды үйіме апардым және мүмкіндігінше көмектесуге сөз бердім. Балалар маған бауыр басып қалып, тастап кетпеуімді өтінді. Олардың бұл тілектерін орындамауға жүрегім шыдамады. Осылайша мен қамқоршылықты рәсімдеп, оларға ана болуға бел будым, – деп Диляфруз жан-сырымен бөлісті.

Диляфруз Кинжеханованың балалары

Алғашқы күндерден-ақ балалар бір-бірімен ортақ тіл табысып кетіпті.

– Мен барлық балаларымды бірдей жақсы көремін. Олар үшін алаңдап, қорғауға тырысамын. Балалар да менің жұмысымның қиын әрі жауапкершілігі мол екенін түсініп, маған қолғабыс жасайды. Үй шарауасында үнемі көмек көрсетіп, жанашырлық танытады. Бұл біздің бір-бірімізге деген махаббатымыз бен сүйіспеншілігіміздің көрінісі, – дейді полиция қызметкері.

Бүгінде Диляфруздың екі үлкен ұлы анасының жолын қуып, полиция қызметкері болуға бекінген. Олар аналарының жұмысына қызығып, қиындықтарға қарамастан, адамдарға барынша көмек көрсетуге дайын.

– Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Осы жолда түсіністік танытып, шынайы қамқорлық пен жан-жақты көмек көрсетіп келе жатқан басшылығыма алғыс айтамын, – дейді көпбалалы ана.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар