Жамбылда болған жол апатынан бір балуан ауыр халде комаға түсті. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
3 шілдеде Жамбыл облысында болған жол апатынан еркiн күрес балуандары Нұрдәулет Зауытбек және Шыңғысхан Мұхаметқалиев ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын. Қазір балуанның бірі – Шыңғысхан Мұхаметқалиевтің комаға түскені белгілі болды.
– Қордай ауруханасына 1998 және 1999 жылы туған екі науқас түсті. 1999 жылы туған Мұхаметқалиевтің ми церебраль ісігі болды. Қазір оның жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оған ота жасады. Комада жатыр, санавиацияны шақырдық. Екінші науқастың жағдайы орташа, тұрақты. Ол да бірнеше жарақат алған, – деді облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Толқын Өмірбекова.
Бұған дейін бір топ (бес бала) еркін күрес балуаны жол апатына түсiп, Жақсыбек Карабалаев пен Жанбота Байбазар оқиға үстінде, ал Ильяс Жұмайдың ауыр халде ауруханада көз жұмғаны хабарланған.
Пікір қалдыру