Шығыстағы Елеке сазы қорымында адам сүйектері шашылып жатыр деген ақпарат жалған

/image/2020/08/10/crop-23_69_558x991_942f6a77-5670-4486-887b-1da427111b6d.jpg

Кешелі бері әлеуметтік желіде таралған ШҚО-ның Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылы тұрғындарының Президентке жолдаған Ашық хатында жазылған деректер жалған болып шықты. Ал аталған хаттың соңында аты-жөндері жазылып жүрген ауыл тұрғындары болса ешқандай қағазға қол қоймағанын, бұл туралы мүлдем бейхабар екенін айтып таңғалып отыр.


Естеріңізде болса, жақында ШҚО, Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылының бір топ тұрғыны әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Әруақтарды күңірентпейік» деген тақырыпта ашық хат жазған. Ашық хатта белсенділер осы ауданның «Елеке сазы» деп аталатын жерінде 2017 жылдан бері жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың салдарынан, яғни қабірдегі әруақтарды мазалағандықтан жергілікті жерде өлім-жітім көбейіп, келеңсіз жағдайлар жиілеп кеткенін алға тартқан.
Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспады. Осы жағдайға байланысты ғалымдар, тарихшылар, археоологтар және дін өкілдері өздерінің пікірін білдіріп, желіде таралған желсөзге тоқтау айтты.
– Ауылдағы келеңсіз әлеуметтік құбылыстардың негізгі себебін археологиялық қазба жұмыстарынан іздеуді – белгілі бір топтың өз арам ойын жүзеге асырудың құралы деп қарау керек.
Қазба жұмыстары жүргізілген нысандарда ешқашан адамның, малдың сүйектері шашылмайды, керісінше, талдап, жиналып алынады. Себебі, тарихи зерттеулердегі аса құнды дереккөз болып табылатын материалдарды арнайы мамандар – антропологтар, палеогенетиктер және палеозоологтар зерттейді. Мәскеуден келген адамдар, осы қатардағы мамандар. Нысандардың барлығы қайтадан жабылады, аса құнды ескерткіштер аспан астындағы музейлерге айналады, олардың жобалары жасалуда, - дейді белгілі археолог Зейнеолла Самашев.
Қорымдарды қазып, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу шариғатқа қайшы әрекет емес екенін имамдар да түсіндіріп берді.
– Жалпы ежелгі тарихи орындарға археологиялық жұмыстар бұрыннан жүргізіліп келеді. Оның өзіндік жөн-жосығы, тәртібі болады. Дін бұған қарсы емес. Ал енді қабірді қазып, мәйітті қорлайтын болса әңгіме бөлек, ондайға жол берілмейді, – дейді ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша өкіл имамы Асқар Мұқанов.
Бұл мәселеге байланысты аудан әкімі мен жауапты сала өкілдері ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, жағдайды түсіндірді. Көкейдегі сауалдарына толық жауап алған жұртшылық өздерінің сыртынан қол қойған адамдардың әрекетін қатаң сынға алып, ыңғайсыздық үшін ғафу өтінді. Соған қарғанда бұл әрекеттің артында халықтың атын пайдаланып Елеке сазындағы қазба жұмыстарына кедергі келтіруді көздеген арам пиғылды адамдар тұрғаны айдан анық. Сондықтан аудан басшылығы тұрғындарға ел ішінде тарап кеткен жалған қауесетке еріп, арандап қалмау қажеттігін ескертті.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар