Ливан денсаулық сақтау министрі Хамед Хасан министрлер кабинетінің жиналысынан кейін үкімет отставкаға кететінін мәлімдеді. Бұл туралы РИА новости хабарлады.
Премьер-министр Хассан Дияб жергілікті уақыт бойынша 19.30-да (Қазақстан уақытымен 22:30) ресми мәлімдеме жасайды.
Бұған дейін 10 тамызда үкіметке қарсы жаппай наразылықтардан кейін Ливан министрлер кабинетінің екі мүшесі бірден отставкаға кеткен. Біріншісі – ақпарат министрі Манал Абдель Самад болса, екіншісі – қоршаған орта және әкімшілік даму министрі Дамианос Каттар.
Ел астанасы Бейрутте болған жойқын жарылыстан кейін 8 тамызда мыңдаған адам үкіметке қарсы митингке шыққан. Олар үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, ереуіл соңы жаппай қақтығысқа ұласқан.
Демонстранттар төрт министрлік пен банк қауымдастығы ғимараттарын басып алды. Кейінірек армия наразылық білдірушілерді үкіметтік кешендерден шығарған. Елдің ішкі істер министрлігі қақтығыс кезінде бір құқық қорғаушының қайтыс болғанын хабарлады.
Ресми деректерде қақтығыс салдарынан 700-ден астам адамның зардап шеккені айтылды.
Пікір қалдыру