16 тамызға қараған түні Лондон қаласында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Айсұлтан Рахат қайтыс болды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Айсұлтан Рахат – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Оны бұқаралық ақпарат құралдары көбінесе "президенттің сүйікті жиені" деп атайды.
Ол 1990 жылы 26 тамызда дүниеге келген. Бала кезінен футболға қызығатын. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысты. "Челси" және "Портсмут" жастар командалары мен қазақстандық "Астана" командасында ойнаған.
2013 жылы "ҚазРомГаз" АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызына үйленген болатын. 2016 жылдың жазында қызды болды.
Айсұлтан Рахат соңғы жылдары facebook желісіне жиі жазба қалдырып, өзінің есірткіге әуес болғаны, абақтыда отырып шыққаны, әкесінің Нұрсұлтан Назарбаев екені туралы мәлімдеген.
Сондай-ақ оның Лондондағы клиникалардың бірінде емделіп жатқаны жайлы ақпарат шыққан.
Пікір қалдыру