Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
– Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек? Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған. Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын, – дейді ол.
Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үкіметпен бірлесіп, тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керегін атап айтты.
– Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек. Бұл үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет, – деді Тоқаев.
Пікір қалдыру