Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйекте оқушылар қашықтан қалай оқитынын айтты. Бұл туралы ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте мәлімдеді.
– Оқу жылы эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан оқу форматында болады. Екі ерекшелік бар:
Кезекші сыныптардың жұмысы. 1–4 сыныптарға байланысты, ата-аналардың өзінің дербес шешімі болса, осындай кезекші сыныптар ұйымдастырылатын болады.
Шалғайдағы ауылдардағы шағын жинақталған мектептер. Эпидемиологиялық ахуал жақсы болса, дәстүрлі форматта оқуға болады.
Тамыз айының соңына қарай деректерге сәйкес, жалпы оқушылардың 80%-ы (2,6 млн оқушы) қашықтан оқытылады. 15%-ы (ата-аналар өтініштері бойынша) кезекші сыныптарға барады. Бұл деген 530 мың бала және 5%-ы дәстүрлі форматта оқитын болады. Шағын жинақты мектептерде оқитын балалар саны - 202 мың бала, – деді Аймағамбетов.
Министр қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағытты айтты.
– Арнайы интернет-платформалар арқылы оқыту. Платформалардың ыңғайына байланысты мектептер, қалалық, аудандық мектептер білім бөлімдері шешім қабылдады.
"Ел Арна" және "Балапан" телеарналары арқылы берілетін телесабақтар, қазір 9 сағатқа дейін эфир беріліп отыр, – деді ол.
Ол өз сөзінде ата-аналардың дербес шешімі бойынша кезекші сыныптар ұйымдастырылатын болатынын атап өтті.
– Үзілістер әр сынып үшін әр түрлі уақытта болады. Сабақ ұзақтығы – 40 минутқа дейін. Балалар бір кабинетте оқытылады. Сыныптарда дезинфекциялық шаралар жүргізілетін болады, – деп атап айтты министр.
Пікір қалдыру