Мемлекеттік хатшы Абай ауданындағы қайта жөндеуден өткен тарихи нысандармен танысты

/image/2020/08/31/crop-2_1_714x1269_4.jpeg
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастап келген Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелері Сырт-Қасқабұлақ пен  Ақшоқы, Жидебайдағы нысандарды аралады.
1845 жылы Сырт-Қасқабұлақтың төңірегінде ұлы қазақ ақыны, ағартушы Абай Құнанбаев дүниеге келген. Ақынның кіндік қаны тамған жерде ескерткіш тұрғызылды. 2005 жылы тастан тұрғызылған белгіде: «Бұл  жерде  аға  сұлтан  Құнанбай  ауылында  1845 жылы  қазақтың  данышпан  ақыны  Абай (Ибраһим)  дүниеге  келген» деп жазылған. Өткен жылы Сырт-Қасқабұлақтың жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қасиетті бұлақ маңы абаттандырылып, саябақ жөнделді. Өйткені бұл осы өңірге келген қонақтар үшін «Абай жолы».
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастап келген делегация мүшелері аумақтың абаттандырылуы тарихи орынға ерекше көрік беріп тұрғанын атап өтті.
Абайдың әкесі жерленген Ақшоқыда Құнанбай Өскенбайұлына арналған музей салынды. Айта кетейік, мұнда көрме залынан бөлек, оқушыларға арналған сабақтар мен конференциялар өткізуге болатын зал қарастырылған. Құнанбай әулетінің зираты жөнделіп, абаттандырылды.
Мемлекеттік комиссия мүшелері музейден кейін Қарауылға бет бұрды. Мұнда Абайдың 175 жылдығына орай 300 орындық мектеп салынды. Оқу ордасы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің стандарты бойынша барлық заманауи талаптарға сәйкес жабдықталған.
ҚР Мемлекеттік хатшысы, Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев қаладағы мектептен кем түспейтін білім ошағын ауылда ашқан аймақ басшысы Даниал Ахметовке алғысын білдірді.
– Бұл мектепте менде қуана-қуана білім алатын едім. Мұндай оқу ордалары бәсекеге қабілетті және көп тілді меңгерген балаларды дайындап шығарады. Мектепте мультимедиялық класстар мен журналистерге арналған сыныптар бар. Тіпті астаналық мектептер бұлай мақтана алмайды. Абайдың Отанында осындай мектептің ашылғаны қуантады, - деді Қырымбек Көшербаев.
Бұдан соң делегация мүшелері Жидебайдағы Құнанбай әулетінің кезіндегі үйіне барды. Бұл аумақта қазір Абай атындағы әдеби-мемориалдық музей орналасқан.
Абай өмірінің соңғы 10 жылы Жидебайда өткен. Мұнда ақын 76 лирикалық өлең мен қарасөздерін жазды. Осы аумақта Абай үй-музейі, Зере мен Ұлжанның, сондай-ақ Кенгірбай бидің кесенесі, Абайдың ағасы Құдайберді мен Абайдың әйелі Еркежанның зираты орналасқан. Бұдан бөлек Оспанкөл бар. Сонымен қатар Шәукенбай мен Ғабитханның да зираты осы маңда.
Жидебайдағы үй-музейде ақын өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді тамашалауға болады. Делегация мүшелері «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенінің сәулеттік құрылысына оң бағаларын берді.
– Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді. Мұнда атқарылған жұмыс барысына атсалысқан жандарға қарап, қалай еңбектенгендерін байқауға болады. Біз бүгін ұлы ойшылмен байланыстағы барлық тарихи орынға барып қайттық. Бұл республикамыздың туристік картасына енгізіледі. Мұнда қазақстандық туристерден бөлек, шетелдіктер де келетін болады. Барлық нысанның технологиялық құралдармен қамтамасыз етілуі қуантады. Бұл келешек ұрпақтың мәдени мұраны меңгеруіне септігін тигізеді, - деп қортындылады Қырымбек Көшербаев.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар