Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі" атты жолдауында білім және ғылым салаларын дамыту туралы тапсырмаларын іске асыруды бастағанын атап айтты.
– 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100 пайыз қамтамасыз ету 2025 жылға қарай кезең кезеңмен іске асырылады. Мұны жекеменшік балабақшалардың үлесін көбейту арқылы орындаймыз. Қазіргі жағдайда қай балабақша мемлекеттік тапсырысты алатынын аудан, қала, білім бөлімдері шешсе, ал бұдан кейін ата-аналардың өзі ваучерлік қаржыландыру арқылы шешетін болады. Нақты бір баланы балабақшаға кезегі келгенде ата-анасы ваучерді алып өзі қалаған балабақшаға береді. Бұл бәсекелестікпен қатар сапаны көтереді, – деді ол.
Министр орта білім бойынша бірқатар жұмыстарды атап өтті.
– Қашықтан оқыту аясында отандық нарыққа 8-ден астам білім беру платформасы шығуда. Бірақ платформалардың функционалы мен мүмкіндіктері әр түрлі. Министрлік оқыту процесін толыққанды іске асыру үшін қажетті функциональды алуға мүмкіндік беретін онлайн платформа қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеп, іске асыратын болады. Білім беру ұйымдарының оқытудың дәстүрлі күндізгі форматына қайтарудың тиісті тәртібі денсаулық сақтау министрлігімен бірге әзірленеді.
Президенттің мұғалімдердің жалақысын 2021 жылы 1-қаңтардан бастап 25 пайызға арттыру тапсырмасы бойынша тиісті қаражат бюджет жобасында толығымен қарастырылды. Бұған қоса мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қыркүйек айынан бастап дәптер тексерушінің үстемақысы 2 есеге, сынып жетекші үшін алатын үстемақы 2 есеге, магистр дәрежесі бар мұғалімдер 27 мың теңге көлемінде жаңа үстемақы алатын болады, – деді үкімет отырысында Асхат Аймағамбетов.
Пікір қалдыру