Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім саласындағы бірқатар олқылықты айтты. Бұл туралы ол оқулықтардың сапасы бойынша өткен онлайн жиналыс кезінде мәлімдеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында оқулықтарды дайындау жүйесі толығымен өзгерді. Оқулық сапалы білім алудың өте маңызды құралы екені айдан анық. Біз бұған дейін айтқанымыздай, үлкен өзгерісті енгіздік. Бүкіл нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілді. Әділет министрлігінде тіркелді. Сондықтан қазір жаңа тәртіп орнатылды. Бұдан кейін шығатын оқулықтардың сапасы мүлдем басқаша болады. Әрине, сұрақ көп. Оны бәріміз білеміз. "Ауруын жасырған өледі" дегендей, біз ештеңені жасырмауымыз керек. Проблемалы мәселелер болса, оларды танып, біліп, оларға жауап беруіміз керек, – дейді министр.
Ол өз сөзінде оқулықтарға ортақ талап енгізілгенін атап өтті.
– Оқулықтардың форматына, жіберілген қателерге байланысты да сұрақтар туындайды. Біз оның бәрін білеміз. Оқулыққа деген ортақ талап енгізілді. Мысалы, кей форматтың біреуі үлкен, біреуі кішкентай. Тіпті мұғалімдердің айтуынша, 1-сыныптарға арналған үстелдің өзінде үлкен-үлкен оқулықтарды 2 бала екі жақтан жұмыс дәптерін және оқулықты ашқанда, үстелдің өзіне сыймай жатады. Кейбірі "формат деген неге керек?" деп ойлауы мүмкін. Бірақ оқулықтың форматы, қарпі, безендіру мәселесі де өте маңызды. Сондықтан баланың жас ерекшелігіне сай, психологиялық тұрғыдан барлық мәселені қарап, ортақ талап енгізілуде. Бұл өте маңызды, – деді Аймағамбетов.
Пікір қалдыру