Жақында Today.kz сайтында «Қазақстанның премьер-министрі Кәрім Мәсімов ұйғыр емес» (Премьер-министр Казахстана Карим Масимов не уйгур) атты мақала жарық көрген болатын.

Аз ғана уақыт ішінде интернет қолданушыларының қызу талқысына түскен тақырып іле-шала өшіріліп тасталған.

Қазақстан премьерінің ұлтына қатысты дау бұдан сәл ертеректе басталған болатын. Естеріңізде болса, Президенттің ең сенімді адамы саналатын Кәрім Мәсімов туралы қытайлық ұйғыр сайттарының «Қазақстанның келесі Президенті ұйғыр бола ма?» атты мақаласын осыған дейін де назарларыңызға ұсынған болатынбыз.
Ендеше билік бишіктерінің басшысы өзінің көлеңкесіндегі осы бір саяси фигураға неге сонша сенім артады? Мәсімовты қазақ етіп көрсету кімдерге тиімді?
www.qwas.ru сайтының жазуынша ұйғыр ұлтынан шыққан Бейжің универстиетінің түлегі әлдеқашан «қытайлық» деген атқа ие болған. Сайттың жазуынша ол біздің елдегі командалық басқару жүйесінде Президент күйеубаласының командасына кіреді екен. Бұл сыбыс болғанымен, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны да ақиқат.
Мәсімов қазақ па, әлде ұйғыр ма? Ол туралы Қытайдағы ұйғыр сайттары жазған дерекке сүйенсек:
1. Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 1965 жылы Қазақстанда ұйғыр отбасында туылған.
2. 1982 жылы 17 жасында сол кездегі совет социалистік қауіпсіздік комитетіне (КГБ) арнайы шақырумен қабылданып, маңызды қызметтер атқарған.
3. Ол орыс, ұйғыр, қытай,ағылшын, татар тілдерін біледі. Қазақ тілінде сөйлемейді немесе сөйлегісі келмейді. Таэквондомен әуестенеді. Қазақстан «Құрмет» орденінің, Президент орденінің иегері.
Елбасының көз алдында мемлекеттің жоғары билік қызметінде отырған К.Мәсімов Қазақстан үшін аз күш жұмсамаған, білікті де білімді саясаткер образында сақталатыны түсінікті. Билік басындағы шенеуніктерінің ішінде Мәсімовтің мысы басып тұратыны Қазақстандағы шешім қабылдау құрылымынан-ақ аңғаруға болады. Кез келген мәселе Мәсімов мақұлдамаса көк тиынға тең. Бұл нені білдіреді?
Егер ақыл таразысына салып қарасаңыз, қытайлық ұйғырлардың «Қазақстанды ұйғыр билейді» деп аттандап, айғай салатындай жөні жоқ екенін түсінесіз.
Қазіргі бір орталықтандырылған басқару жүйесінде «постназарбаевтық» кезеңде Қазақстан билігі Мәсімовтің қолына өтітініне сенетіндер аз. Саяси жорамал әлсіз. Егер ел тізгінін Кәрім қолына алса да, оны мойындамайтындар көптеп табылатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде қоғамдық тәртіпсіздік орнайтыны көрсетеді. Алдағы уақыттарда міндетті түрде орнайтын «постназарбаевтық» кезеңде қазіргі билік басындағылардың әрқайсысы шама-шарқында тал қармауға кірісетіні түсінікті. Тіпті, әлділері таққа да таласатындығы сөзсіз. Жершілдік пен , рушылдықтан айырыла алмаған қазіргі халық үшін бір ұйғырдың қазаққа бас болуы мүмкін емес екендігі сөзсіз.
Сонымен,ең бастысы мемлекеттің амандығы мен тәуелсіздігі үшін мейлі қайсы ұлт өкілі болса да халыққа қызмет етсе болғаны» деп ойлайтындар бар ма? Әй, қайдам?!
Десе де командалық басқарушылар арасында, мемлекет ішінде Мәсімовті қолдайтындар да аз емес. Өйткені, К.Мәсімов мемлекеттік қызметтің барлық табалдырығынан өткен, ысырылған тәжірибелі маман.
Қазақстан тарапының ақпараттарындағы сыбыстарға қарағанда, Қазақстан экономикасының көтерілуіне ұйғыр сауда компанияларының рөлі жоғары болған көрінеді. Мәсімов экономика министрі болғанын ескерсек, ол мемлекет экономикасын уысында ұстап отыруы да бек мүмкін.
Нұрзат Тоғжан