Мәжіліс депутаты оқушылардың қашықтан білім алуына ашуланды

/image/2020/09/09/crop-5_58_928x1237_mycollages-36.jpg

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жәмила Нұрманбетова мектеп оқушыларының қашықтықтан білім алуына ашуланып, оқу жылына сапасыз дайындалғаны үшін шенеуніктерді жауапкершілікке тартуды сұрады.

Ол қазіргі таңда цифрлық технологияларды енгізу қолжетімді білім алуға жағдай жасайтынын атап өтті. Алайда әлемдік пандемия кезінде қашықтан оқуға көшу елдегі білім беру саласындағы мәселелерді ашық көрсеткенін атап айтты.

– Көптеген мемлекеттік бағдарламалардың электрондық білім беру ресурстарына және де мұғалімдерді ақпараттық-коммуникативтік технологияларды қолдануға дайындауға қатысты түрлі шаралар қарастырылған. Осы шараларға соңғы 9 жылда мемлекеттен 72 млрд теңге бөлінді. Оның 30 млрд ғана e - learning электронды оқыту жүйесін енгізуге жұмсалды. Оның өзінде бұл бағдарлама еш нәтиже берген жоқ, – деп Мәжіліс депутаты премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа айтты. 

 

Нұрманбетованың айтуынша, білім және ғылым министрлігі мен цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі  қашықтан оқу үшін жеті интернет-платформа қолданысқа беріледі дегеніне қарамастан, 2020-2021 жылдағы қашықтан оқу жүйесінің сапасы жақсы емес. Оның дәлелі әлеуметтік желідегі ата-аналардың білдірген наразылықтары.

– Әлеуметтік желідегі ата-аналардың білдірген наразылықтарына қарап, мемлекет басшылары қолданысқа берген интернет платформалардың сапасы нашар екенін және қолдану кезінде ақаулықтары жиә болатындығын көреміз. Интернеті әлсіз әрі орнатылмаған ауылдардың да барын мойындауымыз керек. Тіпті қаланың өзінде әр балада жеке компьютері жоқ. 55 мыңнан астам оқушы, 835 ауылда интернет жоқ. Орта есеппен 1 млн-нан астам оқушыда жеке компьютерлері жоқ , – деді ол.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта мұғалімдерге үлкен ауыртпалық түсуде. Олар сабақты қашықтан өткізеді және одан бөлек кезекші сыныптарға да сабақ өтеді.

– Ата-аналарға да оңай болып жатқан жоқ, олар ұстаздық қызметті өз мойындарына алуда. Одан бөлек ата-ана жұмыста отырып немесе жұмыстан келіп WhatsApp арқылы келген тапсырмаларды балаларына түсіндіреді. Бір компьютерге қарап отырған көпбалалы отбасылар да бар, тіпті кейбір отбасылар да компьютер жоқ. Олар сонда қандай білім алады? Алған білімдерінің сапасы қандай болады, – деп депутат наразылығын білдірді.

WhatsApp және теледидардан беріліп жатқан білімнің сапасы кейін қандай болатынын кім айта алады? Сондай-ақ мұғалімдердің қашықтан оқытуға алдын-ала дайындықтарында мәселелер бар. Қазір мұғалімдер өздеріне тиісті емес жұмысты да жасауда. Мәселен олар интернет платформаларындағы ақаулықтарды өздері жөндеуге мәжбүр, – деді ол.

Одан бөлек Жәмила Нұрманбетова министрліктен қашықтан оқуға байланысты қажетті құралдар мен мектепке берілу тиіс компьютерлерді, интернеттің қосылуын, мұғалімдердің дайындығын нақты дұрыстап тексеруді талап етті.

Сондай-ақ ол қашықтан оқытуға қаржының қайда кетіп жатқандығын тексеріп, бақылау қажеттігін де атап айтты. 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар