Алматы қаласындағы ЛА-155/18 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан Мир есімді сотталушы өзінің Тергеу изоляторындағы жұмысы туралы айтты.
Таныс емес адамға сырты тікенек сыммен қоршалған «түрмеден» қорқынышты орын жоқ сияқты. Біз түрме деп айтып жүрген бұл орынды олай атамаса да болады. Себебі жасаған қылмыстарына қарай қауіпсіз болу үшін колониялар мен сотталғандарды ұстау тәртібі әртүрлі. Тіршіліктің түзу жолынан ауытқып бас бостандығынан айырылған адамдарды қайтадан қалыпты өмірге қайтарудың бірден бір тәсілі – тәрбие жұмысы. Бұл орайда сотталғандармен түрлі бағытта жұмыстар жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда өз тағдырын өз қолына алып, адам боламын деген адамға мүмкіндік мол. Мысалы біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Мир есімді азамат Алматы қаласындағы ЛА-155/18 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Аталған түзеу мекемесі тергеу изоляторы болғандықтан тұтқындар соттың үкімін камераларда жатып күтеді. Мир да сондай жандардың бірі. Тек соттың шешімімен шыққан жазасын тергеу изоляторында кітапханашы болып өткеруде. Бүгінде ол камерадағы тұтқындардың асыға күтетін адамы.
Мирдің өзі аса көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Ол жәбірленушіге Алматы қаласында нарықтағы бағадан төмен пәтер алып беремін деп ұсыныс жасаған. Содан соң сатып алушыларға өзі жалға алған пәтерді көрсетіп, олардан алдын ала кепіл ақша алған.
– Менің жұмысым бекітілген кестеге сай әр бекетке кітап тасудан басталады. Бүгін мысалы кесте бойынша №8 және №9-шы бекеттердегі тұтқындарға кітап апарамын, бірақ кестеден тыс №18-ші бекетке де барамын. Себебі онда менің тұрақты оқырманым бекет кезекшісі арқылы жаңа кітапқа тапсырыс беріп жіберіпті. Яғни Мастер и Маргаританы оқып біткен болуы керек. Кейде оқырмандар сұраған кітаптың бір ғана данасы болады да, олардың кезек күтуіне тура келеді. Мен тапсырыс берушіге сол кітапты әкелгенде жаудырған алғыстарын көрсеңіз, тура соларға сыйақы әкелгендей сезінемін – дейді Мир.
Кітапты оқу үшін емес, керісінше кітап беттерін жыртып алып, темекі орайтын «оқырмандар» да болады екен.
– Әрине, ондай жүрексіз адамдарға ұрсамын, екінші рет ол камераға кітап апармаймын. Маған өзімнің осы жұмысым ұнайды. Өзім де соттың үкімі шыққанша бір жылдан аса камерада отырғанда, 100-ден аса кітап оқыдым. Ай сайын 50 000 теңге еңбекақы аламын – дейді түзеу мекемесінің кітапханашысы.
Камераларға кітап тарату барысында екі айдың ішінде 15 кітап оқыған тұтқынмен әңгімелесудің сәті түсті. Осы жолы да оған Мир жаңа кітаптар әкеліпті.
Тергеу изоляторында интернетке қосылған смартфон жоқ. Сондықтан тұтқынындағылар мұнда уақытша жатқанымен ескі кезді еске түсіріп, небір авторлардың шығармаларын кітаптан оқиды. Бүгінгі таңда кітапхана қоры 5000 кітаптан асады.
Қазір Алматы қаласындағы ЛА-155/18 тергеу изоляторында 1300-ден астам адам бар, оның 8 пайызы әйелдер. Жыл басынан бері Тергеу изоляторынан 1500-ден астам адам босатылды. Статистика көрсетіп отырғандай, тергеу изоляторында жатқандардың 22 пайызы ұрлық жасағандар, 13 пайызы алаяқтық, 6 пайызы есірткі заттарына қатысты қылмыс жасағандар. Қалғандары басқа да әртүрлі баптар бойынша тұтқынға алынғандар.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖД
Пікір қалдыру