Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қауіпсіздік кеңесін жедел жинады. Бұл туралы «Қамшы» порталы Тengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ақордадағы кеңеске Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері мен мемлекеттік орган басшылары қатысқан. Ақорданың мәліметінше, кеңесте органдардың қызметін жетілдіру, талдау және болжау жұмыстарының сапасын арттыру мәселелері мен инфляциялық таргеттеу режимінің негізіндегі жаңа ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға өту, валюта дәлізін алып тастап, еркін ауытқу дәлізіне өту туралы мәселелер қарастырылған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы сыртқы нарықтардағы үдерістерді мұқияттылықпен мониторингтеу, ахуалдың өзгеруін, ықтимал тәуекелдер мен қатерлерді бағалау, сондай-ақ оқиғалардың дамуын болжау негізінде алдын алу шараларын әзірлеу қажеттігін атап өткен.
Қазақстан Президенті мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық даму, сондай-ақ бес институционалдық реформаның және "Нұрлы жол" бағдарламасының стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі жұмыстары ел ішіндегі және әлемдегі жағдайды жан-жақты талдауға негізделуі тиіс екендігін айтты.
Айта кетейік, 20 тамызда ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірігіп, теңгенің еркін ауытқу бағамына өту туралы шешім шығарды. Мұндай шешім әлемдік экономикадағы жағымсыз факторлардың күшеюінің негізінде қабылданған.
Нұрзат Тоғжан