БҚО Бөрлі аудандық сотында «Грин Аксай» ЖШС-ның бұрынғы басшылары Д.Сахым мен Е.Бақтиярға қатысты ҚР ҚК 228 және 278-бабы бойынша (1997 жылғы редакцияда) қылмыстық іс қаралуда. Бұл туралы "Қамшы" ақпараттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бөрлі ауданы прокуратурасынан түскен мәліметке қарағанда, аталған басшылар 2012-2013 жылдары қауіпті қалдықтарды орналастыруға қатысты экологиялық заңдылықты бұзған.
Атап айтқанда, Д.Сахым мен Е.Бақтияр «Казбургаз» АҚ-мен мұнай қалдықтарын қабылдау және жою қызметін көрсету жөнінде келісім-шартқа отырып, автокөліктер жалдаған. Содан кейін ірі көлемдегі мұнай қалдықтарын Бөрлі ауданы Қызылтал ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге, сондай-ақ өзге де анықталмаған орындарға заңсыз төккен. Сөйтіп олардың заңсыз іс-әрекеттері салдарынан қоршаған ортаға 159 млн. астам теңге залал келтірілген.