Мыңнан астам адам Nur Otan партиясының қатарына қосыла алмады

/image/2020/09/23/crop-24_13_560x996_prajm.jpg

"Nur Otan"  партиясының жалпыреспубликалық ішкі сайлауында дауыс беруге санаулы күндер қалды. Партияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін барлық министрлер мен өңірлердің әкімдері де "Праймериз" ақпараттық жүйесінде авторизациялау рәсімінен өтті.

Бұған дейін айтылғандай, ел тарихында алғаш рет дауыс беру электрондық түрде өтеді. Партия мүшелері түрлі форматтарды – мобильді қосымшаны, primaries.kz веб-порталын, учаскеде онлайн-дауыс берудің бірін таңдай алады. Сондай-ақ Интернетке қол жетімділігі жоқ аудандарда бюллетень арқылы дауыс беруге болады.

Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін "бір дауыс, бір ЖСН, бір мобильді нөмір және бір IP-адрес" қағидаты бойынша арнайы верификация жүйесі қолданылды. Дауыс беруге екі рет қатысу мүмкін емес. Бұл жағдайда сайлаушы бірден бірнеше кандидатқа дауыс бере алады.

Бүгінге дейін жүйеге партияның 700 мыңға жуық мүшесі тіркелген.

Партия хатшысы Әлібек Әлденейдің айтуынша, партияішілік іріктеу "Nur Otan"-ға жаңа адамдардың келуіне бірден-бір себепкер болды. Тамыз айының өзінде 25 мың адам партия қатарына қабылданған.

"11 қыркүйек пен 4 қазан аралығында "Nur Otan" партиясына мүшелікке қабылдау уақытша тоқтатылды. Бұл – партияішілік іріктеуде "өз" кандидаттарына дауыс бергізу үшін азаматтарды партияға кіруге мәжбүрлеу фактілері жайлы шағымдардың жиілеуіне байланысты қабылданған шешім. Әрине, біз "Nur Otan" партиясының қатары жаңа адамдармен толыққанына мүдделіміз. Өйткені партия құрамының кәсіби мамандармен жаңарып отыруы аса маңызды. Алайда партия қатарына қосылу әрбір азаматтың саналы түрде, өз қалауымен жүзеге асуы тиіс.
Партияға қабылдауды уақытша тоқтату шешімі шыққанға дейін 17,3 мың өтініш келіп түскенін айта кету керек. Оның ішінде 16,2 мың адам "Nur Otan" партиясына қабылданды. Ал 1,1 мыңға жуық өтініш мақұлданбады. Оның әртүрлі себебі бар. Мәселен, ұсынымдардың болмауы мен бағдарламалық құжаттарды білмеу, тіпті мәжбүрлеу фактілеріне дейін жіті зерделенді. Партия өз құрамын қолдан көбейтуге үзілді-кесілді қарсы. Керісінше, соңғы уақытта партиямен байланысты үзген, қоғамдық белсенділігі төмен және басқа да себептермен "Nur Otan"-ның құрамынан партияластар шығарылды", - деді Әлібек Әлденей.

Оның айтуынша, осылайша партияішілік іріктеу кезінде "Nur Otan" қатарына 41,2 мыңға жуық азамат қабылданған. "Nur Otan" Хатшысы партия қатарын жақында толықтырғандарға 1-3 қазан аралығында онлайн-дауыс беруге қатысу үшін тездетіп Primaries.kz порталында тіркеуден өтуге кеңес берді.

Айта кетейік, праймериздің басты мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау.

Тіркеу нәтижесі бойыша партияішілік іріктеуге 11 мыңға жуық үміткер қатысуда. Еліміз бойынша орта есеппен бір орынға төрт адам үміткер болып отыр. Кандидаттардың 70%-ы өзін-өзі ұсынғандар, ал мыңға жуығы – партияның жаңа мүшелері. 37%-ы – әйелдер, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.

7 қыркүйектен бастап праймеризге қатысушылар 817 мыңнан астам адамды тікелей қамти отырып, 36 мыңнан аса үгіт-насихат іс-шарасын өткізді. 14 қыркүйектен бастап онлайн-форматта жария пікірсайыстар басталды. Онда қатысушылар нақты елді мекендердің түйінді мәселелерін шешу жөніндегі өз пайымдарын ортаға салды. Бірнеше күннің ішінде 11 мыңнан аса талап-тілектер мен ұсыныс жиналды

Кандидаттардың рейтингісі бар праймериздің қорытындысы 5 қазанда жарияланады деп күтілуде.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар