Ақтөбеде балаларға арналған "Шағала" шипажайында жетім баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Бұл туралы "Мой город" порталы хабарлады.
Порталдың хабарлауынша, шипажайдың 57 жастағы Қобда есімді тәрбиешісі балалар үйінің 10 жасар тәриеленушісін адамдардың көзінше сүлгімен ұрған. Бір бала осы сәтті видеоға түсіріп алып, видеоны оның ата-анасы әлеуметтік желіде таратып жіберген.
Кадрлардан балалардың еденде отырғанын, ақ халатты әйелдің бір баланы сүлгімен ұрғанын көруге болады. Бала айқайласа да әйел оны бірнеше рет ұрады. Алған соққыдан бала басын ұстап жылайды. Кадрдан "бізді тәпішкемен де ұрады" деген дауыс естіледі.
Видео жарияланғаннан кейін полиция мен прокурорлар балалар шипажайына барып, оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі ("Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша сотқа дейінгі тергеу бастап, сараптама тағайындаған.
Мұғалімнің 20 жылдық тәжірибесі бар екені анықталды. Оның сөзінше, бала оны ашуландырған соң сүлгімен ұра бастаған.
Ақтөбе қаласының Алматы аудандық полиция бөлімі жүргізген сотқа дейінгі тергеу екі жақтың татуласуымен аяқталып, қылмыстық іс жүргізу тоқтатылды.
Балаға қол жұмсаған тәрбиеші мен жанында болған тәрбиеші еңбек кодексінің 52-бабы, 14-тармағы бойынша жұмыстан шығарылды.
Пікір қалдыру