Қазақстандық саясаткер Досым Сәтпаев Үкімет пен Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешіміне қатысты «жаңа девальвация халық пен биліктің арасын алшақтата түседі» деген пікірін kapital.kz сайтына берген сұхбатында білдірген. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды. Оппозициялық саясаткер Досым Сәтпаевтың сұхбатын оқып отырып түсінгеніміз, қараша халықты қарада тұрып, алдап соққан алаяқ биліктің ақыры – халықтың сенімінен айырылумен тынатынын аңғаруға болатын секілді.
Саясаткер Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстанның қазіргі билігі қоғамдық процестерге қатысты халық алдындағы өзінің стратегиялық ықпалын жоғалта бастаған.
«Түсінесіздер ме, қандай да бір партия мен белгілі оппозициялық топтарды бақылауда ұстауға болатын шығар. Бірақ, қоғамдық сананы котрольда ұстап, оған билік жүргізу мүмкін емес жағдай. Тәжірбие көрсетіп отырғандай, билік қазір тек қоғамдық көзқарасты өзгертуде ғана ықпалын жоғалтып отырған жоқ, сондай-ақ экономикалық саясатта да өз беделін түсіріп алған. Түсінікті ғой, экономикалық жағдайлар ішкі факторларға әсер етеді. Бұл теңге, рубль, юаньның құнсыздануы мен мұнай бағасының түсуімен көрініс тапты. Біздің үкіметтегілер өрт болғаннан кейін барып қимылға көшетін өрт сөндірушілер секілді көрінеді маған. Ал Президент былтырғы жылы және биылғы жылдың басында Үкіметке нақты тапсырмалар беріп, әлемдік нарықтағы жағдайларды ескере отырып, стратегиялық жоба әзірлеуді міндеттеген еді ғой. Үкімет сонда не қарап отыр? Сол Үкімет пен Ұлттық банк теңгенің күрт құнсыздануы болмайды деп айтты ғой. Қане? »,-дейді Досым Сәтпаев мырза.
Егер билік Қазақстандағы экономикалық жағдайлардың қиын болатынын, қыржылық қиындық Қазақстанды қос бүйірден қысатынын, теңгенің құнсыздануы мен экономикалық жағдайдың нашарлайтынын ашық айтқан болса, қазіргі халықтың жағдайы басқаша болар ма еді?! Біздің танымымыздағы билік Президент айтқан «ашықтық» дегенді атымен ұмытса керек-ті. Ал халық өз билігінен сол ашықтықты күтеді. Нәтижеде, қайтадан билік қазған орға келіп халық түседі. Бұл бірінші рет орын алған девальвация емес. 2014 жылдың ақпанында да дәл осы жағдай қайталанған.
«Енді келіп Үкімет пен Ұлттық банк Президентті тығырыққа тіреп қойды. Ал Президенттің өзі девальвация болмайды деп мәлімдеген еді ғой. Демек, Президетке қате болжамдар жеткізілген. Бұл өз кезегінде біздің елдегі саяси институттардың экономикалық болжау деңгейінің төмендігін көрсетеді. Сірә, мұнай бағасының қымбаттауын күтсе керек. Бірақ керісінше болып кетті»,-дейді саясаткер.
Қазіргі уақытта түсінгеніміз, билік алдында екі таңдау болған. Біріншісі, теңгені еркін айналымға жіберу арқылы шағын және орта бизнесті бәсекеге қабілеттілендіру. Көрші Ресей және Қырғызстан тауарларының арзандауы мен қазақстандық кәсіпкерлердің табысы ортайғаны ел экономикасына ықпалын тигізген. Ал екінші жағынан негізгі салмақты қарапайым тұрғындардың қалтасына түсіру. Бұл жолда билік өз таңдауын жасады. Халық өз билігіне өкпелі күйі қалды.
Иә, биліктің халықты баладай алдауының ақыры халық наразылығына жалғасып кетуі де бек мүмкін екенін ескерсек, Мәсімов басқаратын Үкіметке наз айта алмаймыз.
Ал мәселені екінші жағынан қарастыратын болсақ, қазіргі таңда биліктің бұл әрекетіне нақты талаптарын қойып, қарсылық білдіретін саяси күштер мен структура бар ма бізде? Ондай күштер оппозициялық сахнада жоқ. Себебі, ескі оппозиция Қазақстан компартиясының жұмысын тоқтатқаннан кейін одан сайын әлсіреп кеткені де жасырын емес. Дегенмен, соңғы жағдайлардан кейін халықтың билікке деген сенімі жоғалғаны анық. Бұл өз кезегінде жүйені басқарудан шығаратыны сөзсіз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
«Қамшы» сілтейді