Бүгін, 20 қыркүйекте Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы қала күніне орай мегаполистің дамуына үлес қосқан азаматтарға ерекше белгілерін табыс етті.
«Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшановқа берілді.
«Бұл атаққа ие болу мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінде екі миллион алматылықтар бізге құрмет белгісін білдіруде. Көріп отырғанымыздай, бүгінде барлық ел, қалалар, соның ішінде Алматы да үлкен қиындыққа тап болды. Алматыда айтарлықтай жұмыс атқарылды, қала әкімінің басшылығымен команда пандемия кезінде көптеген шаралар қабылдады. Кеше мәслихатта айтылғандай, екінші кезеңге ауқымды дайындық жүріп жатыр. Экономика құлдыраған жоқ, әлеуметтік жұмыс жүргізілуде. Мұның бәрі біздің қаламыздың күшін, қуатты екенін көрсетті. Қаланың құрметті азаматы атағын беру бізге ерекше әсер етеді», — деді Рахман Алшанов.
Ол сондай-ақ қала көбінесе Президенттің бастамалары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы арқасында дамып келе жатқанын атап өтті.
«Президенттің қолдауымен жақсы жұмыстар атқарылуда. Алматыда экономика, құрылыс, Білім сияқты көптеген салалар жетістікке жетті. Біз қаланың өсіп келе жатқанын көреміз. Қала әкімшілігі мен мәслихатына рақмет. Біздің қала әрқашан алда болсын», — деп, Р. Алшанов тұрғындарды мерекемен құттықтады.
Пікір қалдыру