Түркістан облысының полицейлері Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының тұрғындарын 700 келі есірткімен ұстады, – деп хабарлады Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылжан Қалдарбековтың мәліметінше, "Қарасора-2020" жедел-іздестіру шаралары аясында Созақ полицейлері және жергілікті қорықшылар "Toyota Land Cruiser" автокөлігін мінген азаматтарды ұстаған.
Көлікті тінту кезінде 37 полиэтилен қапшығы мен өсімдік тектес есірткі заттары бар бірнеше ыдыс табылған.
Сараптама барысында тәркіленген есірткі заты жалпы салмағы 650 келіден асатын "кептірілген марихуана" және 48 келіге жуық "гашиш" екені анықталды.
Ұсталған екі күдікті Нұр-Сұлтан қаласы және Жамбыл облысының бұрын сотты болған тұрғындары екені белгілі болды. Күдіктілер есірткі салынған қапшықтар мен ыдыстарды алдын ала дайындап, Жамбыл облысынан шыққан. Одан әрі олар Созақ ауданы арқылы жол бойындағы айналма жолдармен Қостанай облысына қарай кетпек болған. Алайда Бетпақдала аумағында көлік жүрмейтін жолдармен жасырынып кетіп бара жатқан көлікті қорықшы байқап қалып, полицияға хабарлаған.
Аталған жайт бойынша қылмыстық кодектің 297-бабы 3-бөлігіне (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауда. Тергеу амалдары жүріп жатыр.
Пікір қалдыру