Ғалымұрат Жүкел жаңа қызметке тағайындалды

/image/2020/10/01/crop-7_5_571x882_201001114223019e-900x_.jpg

Бұған дейін Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі қызметінде Жетісу жұртының үнін басшылыққа жеткізіп, билік пен бұқара арасына алтын көпір орната білген Ғалымұрат Жүкел Алматы облысы әкімінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Ғалымұрат Жүкел 1987 жылы 4 желтоқсанда Монғолия халық республикасының астанасы Ұланбатыр қаласында дүниеге келген. Әр жылдары "Талдықорған", "Жетісу" газеттерінде тілші, 2014 жылы Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған.

2017-2020 жылдың шілде айы аралығында Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне жетекшілік етті.

Ғалымұрат Жүкел осы үш жылда көптің есінде журналистер үшін ашықтығымен, өткір де өзекті мәселелерді дер кезінде басшылыққа жеткізіп, соның оң шешілуіне ұйықты болуымен есте қалды. Оның баспасөз хатшысы қызметін кіріскенін кезінде белгілі журналист, көктемде дүниеден өткен Бейсен Құранбек сүйіншілеп хабарлаған еді.

"Танымайтындар болса – тани жүріңіздер: Ғалымұрат Жүкел деген азамат осы. Алматы облысы әкімінің жаңа баспасөз-хатшысы. Телеарнаның да, газеттің де, сайттың да жұмысын біледі. Қалалық әкімдікте баспасөз –хатшысы да болған. Блоггерлігі және бар. Бір сөзбен айтқанда білімді, білікті маман. Соған қарамастан, жасының кішілігін, шәкірттігін пайдаланып Досекең екеуміз "жақсы баспасөз-хатшысы қандай болу керек" деген тақырыпта ақыл айтып кеттік" деп жаңа қызметте ақжол тілеген-ді марқұм журналист.

Ғалымұрат Жүкел бұл қызметтен кеткенде Бейсен Құранбектің сеніміне селкеу түспегенін желіде жазылған жазбалар-ақ көрсетті.

Соның бірінде журналист Қанат Әбілқайыр жаңа қызметкерді о баста онша жақтырмағанын, артынша өзін іскерлігімен дәлелдей білгеніне куә болғанын айтты.

"Ғалымұрат Жүкел бауырымды бастапқыда аса жақтыра қоймаған едім. Оны алғаш әлдебір алаңғасар министрдің шаш ал десе бас алатын "прессегінің" қасынан көргеннен кейін бе, әйтеуір бірден бүйрегім бұра қойған жоқ. Кейіннен телефонмен бірнеше әріптестік әңгімелер болды. Көбіне меселін қайырып тастап отырдым. Сөйтсе де, біз көтерген барлық проблемаға бел шеше кірісіп кететінін көре-көре, іштей риза бола бастағанымды өзім де аңғармай қалсам керек. Риза болғанда да, бұл жігітпен жеке бастың әңгімесін айтқан емеспіз.

Облыс әкіміне "ақты – ақ, қараны – қара" деп айта алатын. Және біздің айтқанымыз қоспасыз әкімге жетіп жататын. Ол сосын оңынан шешілетін. Бұл шынын айтқанда Амандық Баталов ағамызға тек + болғанын қажет болса нақты фактімен дәлелдеп бере аламын.

Қош, көп әкімнің қатардағы баспасөз хатшысы туралы ода айтып жатсақ, ел түсінбей қалар. Десе де, шын ниетпен елге қызмет еткен мемқызметкердің де артынан жақсы әңгіме қалатынын өзгелер де біле жүрсе деген ниетпен бірер сөз жаздық. Көп көрмегейсіздер!" деп жазды журналист.

Сол кезде осы мазмұндас жазбалар әлеуметтік желіде аз болмады.

Жаңа қызметке тағайындалғаны туралы жаңалықтан кейін де жағымды жазбалар біршама жазылып жатыр.

Өз кезегінде Қамшы порталы да Ғалымұрат Жүкелді осы үдеден үнемі көрінетініне сенім білдіре отырып, жаңа қызметке кірісуімен құттықтайды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар