Алматылық Өрікгүл Әділбекованың Ресей президенті Владимир Путинге мадақ әнін жұбайы Шәміл Әбілтай нотаға түсірді. Орындаушы Талғат Күзенбаев әнді Владимир Путиннің алдында шырқауды армандайды.
Ғаламторда Youtube сайтында жүрген«Владимир Путин» атты әннің авторы алматылық Өрікгүл Әділбекова бұл шығарманың дүниеге келуіне 2014 жылы көктемде Украина мен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісуі себеп болғанын айтады. Бұл туралы "Қамшы" порталы azattyq.org-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Автор әу баста Путинге арнап ән шығарамын деп ойламағанын, бірақ телеарнадан Украинаның шығысындағы Донбаста болып жатқан қанды оқиғаларды баяндайтын хабарларды көріп отырғанда, көкейіне өлең жолдары мен ән әуені қатар келгенін айтады.
– Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кете ме деп қауіптендім. Ресей бізге әуелден жақын ел, жақсы көрші ғой. Жан-жақтан қысып жатқанда Ресей президенті Владимир Путиннің қарсы күш қолданбай, шыдамдылық танытқанына риза болдым. Бұл – бейбітшілікті насихаттауға арналған ән. Ол үшін әлдене дәмету ойымда да жоқ, - дейді ән авторы.
Бұрын Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың әртісі болған Өрікгүл Әділбекова әнді күйеуі Шәміл Әбілтайдың нотаға салып өңдегенін айтты.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Азаттық асуы» әні мен «Қазақстан – Нұрсұлтан» күйін шығарған, Назарбаевтың сөзіне «Шұбарат» әнін жазған композитор Шәміл Әбілтайдың сөзінше, әйелінің Путинге арнаған әні өзіне қатты ұнған екен. Ән әуенін өңдеу барысында, Шәміл Әбілтай әнді домбыраға салып өңдеп, ән сөзін орысшаға аударуды ұсыныпты.
Оның айтуынша, опера әншісі Талғат Күзенбаев орыс тілінде орындаған жаңа ән компакт-дискіге жазылып, былтыр Владимир Путинге поштамен жіберілген. Ән авторы Өрікгүл Әділбекова «Еуразия экономика одағы аясында табысқа жетуге» тілектестігін жазып, Кремль басшысына хат жолдаған. Ал биыл наурыз айында Ресей президенті әкімшілігінен Қазақстаннан сәлемдемені алғаны туралы жауап хат алған.
Шәміл Әбілтайдың айтуынша, ол «Владимир Путин» әні жазылған үнтаспаны өзге әндерімен бірге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да жолдаған екен. Көп кешікпей президент әкімшілігінен композиторға алғыс білдірген хат келген. Онда: «Президент әкімшілігінің жауапты қызметкері Өтеген Оралбаев арқылы беріп жіберген өз орындауыңыздағы әндеріңіз бен күйлеріңіз жазылған компакт-дискілеріңізді алдық. Соларды мемлекет басшысына ұсынар кезде президентке өзіңіздің жеке жолдаған хатыңыз бен дискілеріңіз де келіп жетті.» деп жазылған.
«Владимир Путин» әнінің орындаушысы, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі, Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындаушы Талғат Күзенбаев бұл әнді ән арналған Ресей президенті Владимир Путиннің алдында орындауды армандайды екен.
Ел мәдениеті қаншалықты жұрттан арашаланып, дараланып тұрғанымен дара патшалық жүйе рухани санамыздан әлі арыла қоймаған екен. Билігі мықтыға бас иген құлдық сана өз құдіретімен мәдениет саласын да құр айналып өте алмапты. Ресейге тәуелділікті айқындайтын бір дәлел ретінде қазақтың бетке ұстар бағыландары "Владимир Путинге" жыр арнап көсіліп жүргенде жеткенміз белгілі екен.
Гүлден Әбдібақыт