Шенеуніктердің жүйесіз жұмысынан студенттер грантсыз қалатын болды

/uploads/thumbnail/20170708193018630_small.jpg

Алматы қаласындағы Асфендияров атындағы Медицина университетінің 116 студенті Жамбыл облысының бюджетінен бөлінген қаржы бойынша тегін білім алып келген еді. Бұл туралы "Қамшы" порталы КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бастапқыдағы үшжақты келісім бойынша оқу ақысын облыс әкімдігі төлемек болған. Бірақ бұл көмек кезінде Жамбыл облысындағы маман тапшылығын жоямын деген ниетпен осындай ұйғарым жасаған Қанат Бозымбаев басқа аймаққа басшы болып кетісімен мүлдем тоқтап қалыпты. 

Енді, әрі қарай білім аламын деген түлек өткен оқу жылы үшін 400 мың теңге төлеуге міндетті. Бұған қоса, әр жыл сайын 800 мың теңге оқу ақысын да өздері төлейді. Бірақ әкімдік грантымен білім алып келгендердің бәрі тұрмысы төмен отбасыдан шыққандар. Ал егер тиісті ақшаны төлемесе, 25 тамыздан бастап оқудан шығарылмақ. Дәрігер болсам деген 116 түлектің арманы осылайша атқамінерлердің кесірінен көкке ұшқалы отыр.

О баста мектеп түлектеріне үміт сыйлап, тегін оқытамыз деген әкімдік өкілдері енді тілшілерге де түсініктеме беруден бас тартты. Жақын арада мәселеге қатысты кезекті сот отырысы өтпек. Ал бірінші сот отырысында жамбылдық жастарға шкенеуніктер бөлген гранттың заңсыз екені анықталған. Бір анығы, облыс бюджетінде жыл сайын әр студентке 800 мың теңге төлейтіндей қаржы да жоқ екен.

Ал медицина университетінің басшылығы күтуге қауқарсыз. Дәрігер болуды армандаған студенттер енді жаңа оқу жылы басталар тұста оқудан шығарылмақ. Шенеуніктерден қайыр болмай, әбден үміті үзілгендер соттан шағымдарын қайтып алып жатыр. Ал оқу ақысын даулаған 116 шәкірттің отызға жуығы ойымыздағыны орындатпай қоймаймыз деп отыр. 

 

 

Қатысты Мақалалар