Берік Уәли Оңтүстіктегілердің есінде несімен қалды?

/uploads/thumbnail/20170708193026870_small.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат  басқармасының бұрынғы басшысы Берік Уәли мырзаның «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасырының кеңесшісі қызметіне тағайындалғаны туралы «Қамшы» порталында хабарлаған болатынбыз.

Берік Уәлиұлы Оңтүстік Қазақстан облысында Ішкі саясат басқармасын басқарған жылдары қандай шаруалар атқарылды, Уәлиұлы Берік Құрманғали мырза оңтүстік қазақстандықтардың есінде несімен қалды? Белгілі журналист, ұлтшыл азамат Берік Уәлиұлының атқарған жұмыстарының бірсыпарысын «Қамшы» порталы тізбелеп көрген еді.

1.      Ең әуелі Алашорда үкіметінің 95 жылдық мерейтойына арналған ресми конференцияны оңтүстікте ұйымдастырып еді.  Алашорданың 90-95 жылдықтарында билікте Əлихан Бөкейхан идеясын ұғынатын азаматтар сирек дескен. Сөйтсек, тарих қазақтың да ұпайын ақырындап түгендеп келе жатса керек.

2.      Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» ғылыми-практикалық конференция өтті.

3.      ОҚО Ішкі саясат және дін істері басқармасының тапсырысы бойынша жеңістің 70 жылдығына орай  «Майдангерлер» атты қысқаметражды фильм түсірілді. Тек бұл ғана емес, негізгі мамандығы киносыншы Берік Уәлиұлы өңірде түрлі мәдени ауқымды шаралардың ұйытқысы бола білді. БАҚ пен қоян-қолтық жұмыс істеуге бар күш-жігерін салғаны да жасырын емес.

4.      Мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік шаралар үздіксіз өткізіліп келді. Мысалы: Рәмiздер күнi, Мерейлi отбасы, 100 нақты қадам бойынша Журналистердiң аймақтық форумы, мешіт имамдарының сзьезді және түрлі ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар т.б.

5.      Берік Уәлиұлының оңтүстікке келуімен қалада тарихи тұлғаларға арналып ескерткіштер көптеп бой көтере бастады. Бір ғана Астана күні қарсаңында 75 нысанның ашылуын ұйымдастырды.

Штатив көтеріп жүретін қарапайым тілшіден мемлекетшіл тұлғаға дейін өскен Берік Уәлиұлы талай "Додаларда" "Еркін сөзін" айтып, мемлекет пен қоғамның күрделі мәселесімен "Бетпе бет" кезігіп, алаштың "Аманатын" арқалап жүргені үшін де халықтың жүрегінде қалған азамат десек әсіре сілтегеніміз болмас.

Берік Қарманғали Оңтүстікте ішкі саясаттың да бағын ашып еді, енді бар білігін кезінде өзін шыңдаған "Нұр Отанына" салмақшы. Жаңа қызметке тағайындалып жатқан Берік Уәлиұлына айтар тілігеміз бар.

Қазіргі қоғамда «Нұр Отан» мен «Айтыс» егіз ұғымға айналғаны жасырын емес. Қазақ айтысы соңғы кездері партияның, сосын діни топтағылардың ермегіне айналып кетті дейді есті жұрт. Өмірін айтыспен ұштастырған қазақ халқының көңілі де суый бастағаны жасырын емес. Иә, айтыскерлер де екіге бөлініп тынды. Ел арасында «кімнің айтыскерлерін шақырамыз?» деген репликаның да пайда болғаны рас. Ендігі жерде бас партияға Асқар Мырзахметов пен Берік Уәлиұлы келді.  Бұрындары той-тойлаудан деңгейі аспаған бас партияның – шын мәніндегі халықтық, мемлекеттік мәселелерге араласып, ұлттың мүддесі үшін, халықтың уәжі үшін қызмет етеді, партия мен мемлекет қаржысы той-томалақтан өзге халық игілігіне жұмсалуына сіздер бас-көз болады деп сенеміз.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар