Н.Нығматулин: Бөлінген қаражаттарды бақылау әрқашанда депутаттық корпустың назарында

/image/2020/10/21/crop-23_31_558x991_whatsapp-image-2020-10-21-at-12.44.49.jpeg

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасын мақұлдау барысында бюджетте ең алдымен, пандемия кезінде азаматтарды қолдау  жағдайы ескерілгенін атап өтті.

Еліміздің бас қаржы құжаты бойынша депутаттар алдында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев баяндама жасады.

Заң жобаларын талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин пандемия кезінде шағын және орта бизнесті қолдау қазіргі ең маңызды және ең қажетті сұрақтардың бірі екенін айтты.

Осы жолда Елбасының да, мемлекет басшысының тапсырмасы да бар. Тиісті қаражат бюджетте қаралып отыр. Енді, ең бастысы, осы барлық қаражат – қол жетімді болу керек. Ол әрине, Үкіметтің, Ұлттық Банктің міндеті, – деді.

Сонымен бірге Палата Спикері желіңдетілген несиені жүзеге асыратын механизм де ашық және түсінікті болу керектігін, сонда ғана азаматтар шағын және орта бизнесте, осы қиын кезеңде жұмыс істей алатынын айтты.

Үш жылдық бюджет жобасын талқылау барысында депутат Ә.Бектұрғанов педагогтардың жалақысын 25%-ға арттыру кезінде спорттық жаттықтырушы мамандар арасында олқылықтың орын алғанын айтты. Мысалы, республикалық деңгейдегі спорт-мұғалімдеріне қосымша қаражат қаралып, ал әкімдіктер жанындағы спорттық ұйымдардың педагогтері бұл қолдаудан тыс қалған. Жақында ғана бюджетті нақтылау кезінде осы олқылықтың орнын толтыру үшін 5 млрд. теңге қаржы қаралды.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы алдағы уақытта мұндай жағдайға жол беруге болмайтындығын баса атап өтті.

Сонымен қатар бюджеттік заң жобаны талқылау барысында мемлекеттің тұрақты дамуына экономикалық және әлеуметтік ахуалға қатысты сұрақтар жан-жақты қаралды. Нәтижесінде 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті мақұлдау жөніндегі Қаулы қабылданды. Осыған орай Мәжіліс Төрағасы:

– Бүгінгі мақұлданған бюджет жобасының орны да ерекше,  маңызы да    өте зор. Бүкіл әлемге тараған короновирус індеті біздің   елімізде де  орын алып отыр. Сондықтан, алдағы үш жылдық бюджетте ең біріншіден, пандемия кезінде азаматтарды   қолдау   жағдайы    ескерілді.  Сонымен бірге, жылдағы дәстүр бойынша экономиканы дамыту, әлеуметтік міндеттер, денсаулық, білім, еңбек салаларына ерекше назар аударылды. Себебі, республикалық бюджетті қалыптастыру – бұл Елбасы және Мемлекет Басшысы жүктеген барлық міндеттерді сапалы орындаудың кепілі. Енді Үкіметтің де, барлық мемлекеттік органдардың да негізгі жұмысы ол осы бөлінген қаражаттарды жоспар бойынша өз уақытында, ашық, сапалы және нәтижелі пайдалану. Ал оны бақылау әрқашанда депутаттық корпустың назарында болады, – деді Нұрлан Нығматулин. 

Мәжілістің Баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар