Алматы облысында карантин шаралары күшейтіледі, деп хабарлады zakon.kz сайты.
Сайт мәліметінше, Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Е.Сыдыманов 28 қазандағы "Алматы облысының аумағында карантин режимі және кейбір шектеу шараларын енгізу туралы" қаулысына қол қойды. Қаулы бойынша 29 қазаннан бастап өңірде тамақтану орындарында адам қабылдау 50-ден 30-ға дейін қысқартылады; 30-дан аса адам қабылдайтын мейрамхана, кафе мен асханалар жабылады.
Алдындағы қаулыда бір үстелде 4-6 адамнан астам отыруға тыйым салынады делінсе, енді 4-тен асырмау жайы нақтыланды. Тамақтану орындарының жұмыс кестесі өзгеріссіз қалдырылды: сағат 9-00-ден 22-00-ге дейін. Бірақ жаңа қаулыда оларға тек жұмыс күндері жұмыс істеуге рұқсат берілген. Ал демалыс күндері тек үйге тамақ жеткізу қызметі түрінде ғана жұмыс істей алады.
Одан бөлек мектепке дейінгі барлық ұйымдардың жұмысына тыйым салынды (тек 15 бала қабылдаған кезекші топтар жұмыс істейді).
Орналасқан орнына қарамастан, барлық бассейндер жабылады.
Спорт нысандарында да кісі қабылдау 50-ден 30 пайызға қысқартылды. Ұлттық құрамаға жаттығу өткізуге рұқсат беріледі. Сондай-ақ көрермендердің қатысуынсыз олимпиада мен ел біріншіліктерін де өткізуге рұқсат.
Демалыс және мереке күндері барлық сауда үйлері мен сауда, ойын-сауық орталықтары жабылады. Бұл нысандағы азық-түлік және дәріхана бөлімдері ғана жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік сала басшылығы жұмысшыларының 50-60 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшіруге міндетті.
Пікір қалдыру