COVID-19-дың таралуын тежеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында облыста 9 қарашадан бастап жаңа шектеу шаралары енгізілетіні хабарланды.
Петропавл қаласында қаланың периметрі бойынша блокпосттар орната отырып карантин енгізу көзделуде. Сондай-ақ күн сайынғы індет бойынша өсім 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блокпосттар орнатылмақ.
Петропавл-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқарту, Петропавл қаласынан шығатын әуе жолаушылары үшін теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасының (берілген сәттен бастап 3 тәуліктен аспайтын) болуын міндеттеу, діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтату жоспарланған.
Жұмыс күндері қоғамдық тамақтандыру объектілері бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілерді қабылдай алады. 30-дан кем орынды объектілер үшін орынның 50%-ы ғана толуға тиіс.
Демалыс күндері қоғамдық тамақтану объектілерінде жеткізу қызметі ғана істейді. Сауда үйлері, сауда орталықтары, ауданы 500 шаршы метрден асатын азық-түліктік емес дүкендер жұмысы шектеледі. Сұлулық салондарының, шаштараздардың, бассейндердің, фитнес-клубтардың, жаттығу залдарының жұмыстары тоқтайды.
Әуежайларға, темір жол вокзалдарына күтіп алатын және шығарып салатын тұлғаларға кіруге тыйым салынады.
Пікір қалдыру