Еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған делегация құрамымен СҚО, Павлодар және Ақмола облыстарында болды.
Жұмыс сапары барысында аймақтардағы медициналық мекемелердің коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындығы тексерілді. Сондай-ақ эпидемиологиялық ахуал бойынша кездесулер өткізіліп, жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар туралы есептер тыңдалды.
Сонымен қатар, Павлодар облысында қазан айының соңында COVID-19 ауруының үш есе өсуі тіркелді. Әсіресе, Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында індеттің таралуы өршіген. Ақмола облысында тіркелген коронавирус инфекциясының саны үш есеге артты. Осыған байланысты 9 қарашадан бастап аймақтарда карантин және шектеу шаралары күшейтіледі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Қиясов Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлерімен, сондай-ақ ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының басшысымен кездесулер өткізіп, оның барысында азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау қажеттілігі туралы еске салды. Сонымен бірге, ПТР әдісімен COVID-19 инфекциясын анықтау бағытында зертханалық тексерулер санын көбейтудің маңыздылығына тоқталды.
Пікір қалдыру