Сенат депутаты Әли Бектаев халықты зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелерін айтып, премьер министр Асқар Маминге сауал жолдады.
– Бүгін және болашақта ең төмен зейнетақы алатындар ауыл тұрғындары болмақ. Жұрт қатарлы зейнетақы қорының бір бөлігін алып, пайдалана алмайтындар да ауылдықтар болайын деп тұр. Жақында мен ҚР 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған "зейнетақы жүйесін жаңғырту" туралы тұжырымдамасының жобасымен таныстым. Ашығын айту керек, аты дардай болғанымен аталған тұжырымдамадан ешқандай жаңалық көргенім жоқ, – деді депутат.
Сенат депутатының айтуынша, елдің қазіргі әлеуметтік жүйесі бытыраңқы.
– Балаларға берілетін жәрдемақы ең төменгі кедейшілік шегінің 70% құрайды. Олай болса, оларда Отанға деген патриотизм мен сүйіспеншіліктің сол деңгейде болатыны айдан анық. Мұның барлығы Қазақстанға жаңа әлеуметтік саясат енгізу қажет екендігін көрсетеді. Жаңа саясат, негізінен, балаларды қорғау мен қолдауға бағытталуы қажет. Мемлекет балалардың әрқайсысын, тұрмыстық жағдайына қарамай, туған кезден 18 жасқа толғанға дейін кепілді және міндетті түрде әлеуметтік қолдаудың жаңа стандарттарын енгізуі керек. Балаларға бөлінетін бұл қаржы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақы деп те аталмауы тиіс. "Бала капиталы" деген атаумен арнайы карточкалар арқылы әр баланың өз қажетіне ғана жұмсалуы тиіс. Әрине, ол бүгінгі әлеуметтік стандарттан әлдеқайда жоғары болуы шарт. Оған мемлекеттен қомақты қаржы да бөлінуі керек. Бірақ, балаларға жұмсалған капитал ертең еселеніп қайтатынына ешқандай да күмән жоқ. Қазақстандықтарды қалалық, ауылдық деп бөлмей, оларға әлеуметтік кепілдіктерге бірдей жағдай туғызу мақсатында барлық әлеуметтік бюджетті біріктіретін бірыңғай әлеуметтік қор құру қажет. Оған мемлекеттік және атқарушы органдар, квазимемлекеттік холдингтер мен кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін жұмылдыру маңызды, – деді Әли Бектаев.
Пікір қалдыру