Бүгін саясаткер, оппозициялық "Дат" газетінің жетекшісі Ермұрат Бапидің ұсталып, Алматыдағы Медеу аудандық полиция бөліміне жеткізілгені хабарланған. Журналист полиция бөлімінен шыққаннан кейін өзіне азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділдің онлайн-жаназасына қатысқаны үшін айып тағылып, іс қозғалып жатқанын facebook парақшасында мәлім етті. Төменде журналист жазбасының толық мәтіні ұсынылып отыр.
"Полиция не себеппен ұстады?" деген френдостардың сұрағына енді ғана жауап беруге мұрша болып жатыр. 23 жылғы оппозициялық ойранда жүйке жұқарған, ал нервінің негізінде оянып кететін хрони-сырқаттар болады. Соның бірі сыр беріп, желіге жете алмай жатыр едім...
Оның үстіне, мұндай "ұсақ-түйектен" жарнама жасап қалатын жасаң және жаңа белсендінің желпілдеген заманынан баяғыда-а-а өтіп кеткенбіз. "Ақыр шыққан өрт екен, бас-сирақ үйтіп ала қояйын" дейтін емес... Үш рет қылмыстық, онға жуық азаматтық, саны санада қалмаған әкімшілік соттан өткен соң, ойбайлаудың өзі ұят.
Бірақ бұл жолғы полициялық-КНБлық ұстаудың хикаясы қызық болды. Бауырымның үйінің алдына көлігімді тежегенім сол еді, соңымнан салып ұрып үш полицай мен бір "кнбшы" кісапат жетіп келді. Мінгендері жеке меншік нөмірлі машина. Әй-шәй жоқ: "Сізге қатысты іс қозғалды, бізбен бірге Медеу аудандық полициясына барасыз!" дейді.
"Неге барам? Ол қандай іс?".
"Барған соң білесіз...".
"Повестка қайда?!".
"Барған соң аласыз...".
"Іс қозғалғаны туралы қаулы қайда?"
"Барған соң береді...".
"Кім береді?!".
"Тергеуші...".
"Қолыма шақырту берілмей, ешқайда бармаймын!".
Сөйткенім сол екен, ақ күртелі (суретте) "КНБшы" білегімнен тас қып қысып, сүйреп ала жөнелмек. "Патрульді шақыр!" деп, қожайындық қалыппен полицияның үшеуіне команда беріп қояды. Ондағысы - мені қорқытқан түрі. Патрульсіз-ақ төртеуі сүйрей жөнелсе, қарсылық қылар қайлам қайсы?!
"Патрульді шақыр" дегені - қара халықты қорқытудың амалына әбден машықтанған маңқаның қылығы. Аумаған сүмелек!
Айтпақшы, бұрындары "КНБ"-ға адами және аналитикалық ақылы бар адамды алушы еді. Бүгінгі жемқорлық-сыбайластық жүйе өңшең топас-тупойды жинайтын бопты. Пара берсең - ала береді! Мынау "КНБшы" сол топастықтың толық эталоны екен. Қылмыстық Кодексінің 318-2 бабымен - "ҚР президентінің ар-ожданына нұқсан келтіргені үшін" бір сотталып (2002ж), "СолДАТ" газетінде "Қазақгейт" (Н.Назарбаевтың ұрлығы) скандалы үшін екі сотталған (2002ж), "авторитетный вор" атануға аттам қалған адамды "на пушку" қорқытам деп ойлаған екен! КНБ болмақ түгілі, Карим Масимовтың өзі боп кетсе де, ондай мандамға мойынсұнатын мен бе?!
Ақыры не керек, жоғарының жарлығын орындаған парықсыз полицайларға дырылдатып сүйретпес үшін, Медеу ПБ-сына өзім бардым. Әрине топас "конторшы" бастаған полиция қарауылы мені бағып келді.
Басқармада бір түбітмұрт түсінік жаз дейді.
"Не үшін, не деп?".
"Кешегі рұқсат етілмеген митингіге қатысқаныңыз үшін...".
"Рұқсат беру-бермеу турасындағы бап "тоқаевтық поправкада" жоқ екенін білесің бе?!".
"Білмеймін... маған осылай жаздыр деді...".
"Кім ол, қай ақымақ рұқсат етілмеген митингіге қатысты деп жүрген? Митингке "уведомительный" келісім ғана керек деген Тоқаев қол қойған заңға қарсы шығып жүрген қай жарымес?!".
"Байқап сөйлеңіз!..".
"Сізге тапсырма берген, Мемлекеттің заңын білмейтін бастығыңды жарымес демегенде, кім дейміз?!".
Осындай тәжікеден кейін, мен өз нұсқамда түсінік жазып бердім. Түсінік тектес ол жазбаның мазмұны қала әкімінің атына берілген хабарламада көрсетілген (фотокөшірмені қараңыз).
Қысқасы, біздің бір топ белсенді азамат һәм иманды мұсылман Дулат Ағаділдің жұмбақ жағдайда қаза болған ұлы - Жанболаттың қасиетті жұмада астанада өткен жаназа-дұғасына Алматыда онлайн қол жаюға жиналған едік. Міне, масимовтық мастерлер мен "кітапханалық" кіріптарлар сол ислами рәсімді "рұқсат етілмеген митингі" деген мәніс шығарыпты. Мен сол "рұқсатсыз" жиынға қатысыппын (?). Сонда деймін-ау, онлайн-жаназаға жиналған елу шақты мұсылман баласының арасында Құдабай Қаржау бауырым екеуімізді "ерек елеп-ескергендері" қалай?
Айтпақшы, ешқандай тергеу де болмады, тергеушіні көрмедім. Мен жазған түсініктемені тігіп, капитаны бар, лейтенанты бар бір топ полицай өздері протокол қаттап, биттің қабығындай іс дайындап қойды. Дүйсенбідегі сотта қара жіппен көктелген сол іс қаралады.
Ал сот жарықтық менің онлайн ой-пікірімді тыңдай ма, Жанболаттың жаназасын митингіге балай ма - ол жағы судьяның саудасындағы сыңай болады. Әлбетте, "кітапхана" мен КНБ-ның тапсырмасымен тәптіштелген істе сот нотариустық нұсқадағы қызметтен асып кете алмайтын еді, бұ жолы бұл "бұлбұл" недей үкімді үндейді - ол да заңнан бұрын, ар-ұяттың бағамына сай шаруа болса керек...
Біздікі не көрмеген бас: тағы біреуін тағдырдың салғанына, назарбаевтық режимнің найсаптығына неғыламыз-дағы... Бастысы - бас аман болсын, қалғанын кейін келістіріп көрерміз...
Пікір қалдыру