Премьер-министр Асқар Мамин коронавирус инфекциясы туралы ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, коронавируспен сырқаттанушылықтың өсуі Қазақстанның барлық өңірлерінде дерлік тіркелді. Вирустың репродуктивтілік көрсеткіші республика бойынша 1,07 пайызды құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың толығуы – 22%, реанимациялық төсек-орындардың толығуы – 17%.
"Қызыл аймақта" 5 өңір қалып отыр: Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары.
"Сары аймақта" 2 өңір бар: Батыс Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы.
Үкімет басшысы денсаулық сақтау, индустрия министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, медициналық жабдықтарды жеткізуді аяқтауды және инфекциялық стационарлардың реанимациялық бөлімшелерін толық жабдықтауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ Асқар Мамин эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы мүмкін жағдайда ведомстволық ауруханалар мен госпитальдардың 100% дайындығын қамтамасыз етуді айтты.
Ол ведомствоаралық отырыста ішкі істер, еңбек, білім, қорғаныс министрліктеріне әкімдіктермен бірлесіп, ұйымдастырылған ұжымдарда профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге коронавирус инфекциясына жасалған зертханалық зерттеулердің дұрыстығын (қайта тестілеуді) қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды да атап өтті.
Премьер-министр денсаулық сақтау министрлігіне бір апта мерзімде дәрі-дәрмектің шекті құнын төмендету мақсатында коронавирусқа қарсы препараттардың бағасын реттеу тәртібін өзгертуді тапсырды.
Пікір қалдыру