Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов "Грэмми" сыйлығына үміткер, Imanbek Remix деген лақап атпен танымал Иманбек Зейкеновпен кездесіп, оған қолдау көрсетуге уәде берді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Бәріміз сен үшін жанкүйер боламыз. Сен біздің өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның нағыз мақтанышысың. Қажет болған жағдайда, біздің тарапымыздан кез келген көмек көрсетілетініне сенімді бол, – деді Әбілқайыр Сқақов Иманбекке.
Музыкант әкімге алғысын білдіріп, қазіргі танымал "Roses" ремиксін жасау үшін бар болғаны 2 сағат 20 минут кеткенін айтты.
– Бұрын музыка саласында бәрін таныс пен ақша шешеді деп ойлайтынмын. Бірақ өзіме қарап, бұлай емес екеніне көзім жетті. Жолым болды деуге болады. Менімен әріптестік орнатқан лейбл жігіттерімен көп жұмыстар атқардық. Музыканы жазу барысында мен адамдар оған қалай билейтінін, әуен қандай эмоциялар тудыратынын елестетемін, – деп Иманбек ойымен бөлісті.
Өңір басшысы Иманбекке әрдайым өз бетінше биіктерге қол жеткізген қарапайым жігіт болып қалуды тілеп, өзінің телефон нөмірін берді. Қажет болған жағдайда қоңырау шалуды ұсынды.
Иманбек Зейкенов Павлодар облысы Ақсу қаласында ата-анасымен бірге тұрады. Жасы 20-да. Ақсулық диджей және музыкалық продюсер. Оған Saint jhn "Roses" әніне жазған ремиксі үлкен танымалдық әкелді. Бұл трек "Үздік ремикс" аталымы бойынша 2020 жылғы Грэмми сыйлығына ұсынылды. Жеңімпаздар 2021 жылдың 31 қаңтарында анықталады. Музыкант танымал әлемдік әртістермен бірлесіп, ортақ жоба дайындау үстінде.
"Грэмми" – Америкалық дыбыс жазу академиясының премиясы. 14 наурызда 1958 жылы құрылған. Бүгінгі күні музыка индустриясында ең абыройлы марапат болып саналады, кино индустриясында тек Оскармен теңеседі. Жыл сайын 108 категория бойынша музыканың 30 жанры бойынша "Recording Academy" мүшелері "Грэмми" сыйлығын табыстайды.
Пікір қалдыру