Ресейдің мемлекеттік дума депутаты Евгений Федоров "Белрусинфо" арнасына берген сұхбатында "Орынбор да, Қызылорда, Алматы да, Қазақстан да Ресейдің бір субъектісі болды" деген мәлімдеме жасады. Журналист депутатқа "Ресей Қазақстанға "жалға берген" жер туралы айтқаныңызға Қазақстан азаматтары наразылық білдіріп, біраз дау болды. Осыған пікіріңізді білдіріңізші. Жер туралы айтқанда нені меңзедіңіз?" деген сұрақ қояды.
– Олар өздерінің заңды дәлелдері жоқ екенін жақсы біледі. Сол үшін бос айқайға салып жатыр. Ал мен Қазақстанның Ресей Федерациясынан жер алып жатқаны туралы қолхат ұсындым. Ол жерді Қазақстан Кеңес одағының құрамында болған уақытқа дейін иемдене алады, – деді Федоров .
Оның айтуынша, Кеңес одағы кезінде берілген жердің үш санаты болған. Біріншісі, одаққа кірген елдердің өзінде болған аймақтары. Екіншісі, республикаларға одақтың берген жері. Егер сол елдер одақтан шығатын болса, жерді қайтарып беруге міндетті. Үшіншісі, одаққа кірген республикалардың өзге одақтас республикалардан жалға алған жерлері. Бұл пункт, депуттаттың айтуынша, ең қатаң түрі екен.
– Қазақстан жер санаты бойынша аталған үшіншісіне кіреді. Бұл ел – Кеңес одағындағы өзге елдерден жерді шартты түрде жалға алған мемлекет. Егер одақ ыдыраса, ол жерлердің қайтарымы болуы керек. Кеңес одағындағы келісім-шартта осылай жазылған, – деді ол.
Федоров "Қазақстан аумағы – Ресей тарапынан жасалған сый" деген пікірге сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің берген жауабын "орынсыз келекету" деп бағалады.
– Біз эмоцияға беріліп жатқан жоқпыз. Қазақстандағы шенеуніктер менімен сөйлеспейді. Себебі мен олар сияқты емес, нақты дәлел келтіремін.
Жалпы Қазақстан заңсыз және уақытша мойындалған деуге болатын шығар. Себебі, КСРО тарады деген нақты бірде-бір құжат жоқ. Егер заңға сүйенсек, 1922 жылы Қазақстан деген болған жоқ, оның 1 мм жері де болмаған. Орынбор да, Қызылорда, Алматы да, Қазақстанның басқа қалалары Ресейдің бір субъектісі болды, – деді дума депутаты қазақстандықтарды Ресей азаматы болуға шақырып.
Пікір қалдыру