Боксшы Ермахан Ибраимов Instagram парақшасында 10 қаңтарда Алматыда Тәуелсіздік алаңында өткен митингке не үшін барғанын және онда болған жағдайға байланысты түсініктеме берді.
"Ассалаумағалейкүм, құрметті Қазақ елі және алматылықтар!!!
Мен, Ибраимов Ермахан Сағиұлы, 10.01 күні Тәуелсіздік алаңында болған жайтқа қысқаша ақпарат беріп кетейін.
Құрметті, отандастар!!! Осы уақытқа дейін мен халқыммен бірге болдым және әлі де бірге болатынымды айтқым келеді. Митинг кезінде наразылық білдірген халыққа күш көрсету мақсатында емес, сабырға шақыру үшін барған болатынмын. Бірақ, қарсы топтардың белсенділері маған кері пікір білдіріп, менің жеке намысыма тиетін сөздер айтып жатқасын, жақындап барып, бәрін түсіндірмекші болдым. Сол тұста қарсы топтардың арандатушылары мені кадрға алып, түрлі бағытта ақпараттар таратып жіберген болатын.
Иә, әлеуметтік желілерде суретім мен видео тарап кетіп, маған кері пікірлер айтылуда. Оның бәрін сыни тұрғыда қабылдаймын.
Алайда мен осы сайлауға қатысуымның себебі де қарапайым халық үшін екенін тағы да айтқым келеді. Себебі төбеме көтеріп, құрметтеген халыққа қарсы шығу менің ойымда да болмаған!
Сондықтан қадірлі қазақ елі, митинг кезінде болған жағдайды қысқаша осылай түсіндіргім келеді. Барлығы алда. Ел мүддесі үшін алда әлі де игілікті істерді атқаратын боламын.
Құрметпен, Ибраимов Ермахан Сағиұлы!," деп жазды спортшы.
Пікір қалдыру